$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағандыда құрылыс компаниясы 7 мыңнан астам ағашты заңсыз кесіп тастаған

09.06.2026ж. 19:00
Қарағандыда құрылыс компаниясы 7 мыңнан астам ағашты заңсыз кесіп тастаған

Қарағандыда ағашқа қатысты дау 2 жылдан бері шешілмей келеді. Құрылыс компаниясы 7200 көшетті заңсыз кескен. Орнына жаңасын егу керек болатын. Алайда сот шешімін орындамай отыр. Енді сот орындаушылары құрылыс компаниясын жауапкершілікке тартуды талап етуде.

Мәселе 2024 жылы «Гүлдер» шағын ауданында тұрғын үй кешенінің құрылысы кезінде  басталды. Үй салынарда 140 ағаш кесілген. Қала әкімдігінің мәліметінше, компанияның ағаштарды кесуге рұқсаты болмаған. Сот құрылыс салушыны келтірілген залалды өтеп, 7200 жаңа көшет егуге міндеттеді. Алайда әлі күнге дейін жаңа теректер, қайыңдар мен шыршалар егілген жоқ.

ДИДАР ҚАБАЕВ, ҚАЗЫБЕК БИ АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Заңсыз түрде шамамен 140 ағаш кесілді. Ағаштарды кесуге рұқсат болмаған. Сот шешімі бойынша “Профинвест” компаниясы биылғы жылдың күзінде  ағаш отырғызу жұмыстарын бастауы тиіс. Ағаш саны азаймайды, себебі соттың нақты шешімі бар – ол 7200 ағаш».

Көшеттерді Сарыарқа көшесіндегі «Алаш» скверіне егу жоспарланған болатын. Алайда мерзім тағы кейінге шегерілуде. Құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, көшет егуді бақылайтын әкімдік маманын күтіп отыр. Сондай-ақ орны өзгеруі мүмкін. Ал сот орындаушылар кәсіпкерлерді қайта сотқа берді. 

ГҮЛЗАТ АЛПЫСОВА, «PROF INVEST» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Неліктен бізге қарсы сотқа жүгінді? Өйткені біз сот шешімін орындамай отыр деп есептейді. Бірақ біздің бітімгершілік келісіміміз бар. Оның сомасы – 25 миллион теңге. “PROF INVEST” белгілі бір сома көлемінде ағаш отырғызуы керек, ал әкімдік біздің міндеттемені орындағанымызды қабылдауы тиіс. Бұл талаптардың барлығы келісімде көрсетілген. Бүгінгі күні бітімгершілік келісім тараптар тарапынан бұзылған жоқ, сондықтан оның заңды күші бар. Иә, ол сотпен бекітілмеген. Сол себепті бізді әкімшілік жауапкершілікке тарту әзірге ерте деп ойлаймын.

Тараптар арасындағы дау жалғасуда. Ал тұрғындар жаңа сот процестерін емес, қаланың нақты көгалдандырылғанын көргісі келеді. Экологтардың мәліметінше, Қарағанды еліміздегі ауасы ең лас қалалардың бірі. Сондықтан әрбір отырғызылмаған ағаш қала тұрғындарының денсаулығы мен ауа сапасына тікелей әсер етеді.