Батыс Қазақстан облысындағы көне құмыралардан дәнді дақылдар табылды. Жапон ғалымдары ашқан сенсациялық жаңалық ежелгі көшпенділердің егіншілікпен де айналысқанын дәлелдейді. Жапонияның Мейдзи университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары музей қорындағы 129 көне құмыраны зерттеген. Олардың 13-інен дән іздері табылған. Мамандар бұл тары, арпа, күріш болуы мүмкін дейді. Қола дәуіріне тиесілі тағы бір ыдыстан бірден екі дәннің ізі анықталыпты.
ЖАНТАС САФУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Осы уақытқа дейін бұл археологиялық қазбадан табылған құмыралардың мұндай дәнді дақылдардың ізі қалған-қалмағанын зерттеу біздің өңірімізде бізге келіп жасалынған жоқ. Ғалымдар алғаш рет келіп жатыр. Сондықтан да алғаш рет зерттеу объектісіне біздің құмыраларымыз айналды. Жалпы біздің көшпенділер қандай дәнді дақылдарды қолданды, өздері екті ме немесе өздері қалай тамақтанды деген сұрақтарға жауап беретін болады.
Бұл жаңалық ежелгі Батыс Қазақстанда егіншілік мәдениеті болғанын айғақтайды. Зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Құпияға толы құмыралар - Тақсай, Қарасу, Жайық, Пойма, Қырықоба және Сегізсай обаларынан табылған қола және ерте темір дәуірінің жәдігерлері. Бұл бұйымдарды енді оралдықтар көрмеден тамашалай алады.
САРА ТАНАБАЕВА, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:
Бізді көшпенділер, малдың соңынан еріп жүрген, басқа ештемені білмейтіндер деді. Қыш құмыралардан тары мен бидайдың дәні шығуы бұл біздің ата-бабамыздың осы жерде о заманнан бері қарай тұрып жатқанын, мекендегенін, ол тек қана мал шаруашылығы ғана емес, отырықшы болғанын, соны дәлелдейтін нәрсе.