$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Ұлттық қор қаржысы саябақтар мен көшелерді абаттандыруға жұмсалған",- Е.Қошанов

"Ұлттық қор қаржысы саябақтар мен көшелерді абаттандыруға жұмсалған",- Е.Қошанов

Ұлттық қор қаржысы саябақтар мен көшелерді абаттандыруға жұмсалған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мақсатсыз ақша жұмсағандарға шүйлікті. Бұдан басқа, бюджет шығыстарын оңды-солды қылғандар анықталды. Оларға қандай жаза артылады? Депутаттар тағы қандай былықтың бетін ашты? Мәжіліс отырысына қатысып қайтқан тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Мәжілісіте бүгін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды. Палата төрағасы Әлихан Смайылов өткен жылғы сценари толық жүзеге аспағанын айтты. Себебі алдын-ала болжанған кіріс осы жолы толық ақталмаған. Бұған асыра сілтеу себеп дейді.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы ішкі өнім бойынша болжамның 9 трлн теңгеге асыра орындалғанына қарамастан, бюджет түсімдері 335 млрд теңгеге орындалмады. Бұның бәрі жоспарлаудағы кемшіліктер мен салықтық түсімдерді шамадан тыс оптимизммен болжау салдарынан орын алып отыр.

Республикалық бюджетке түсетін салық мөлшері де өткен жылы 1 трлн-ға аз түскен. Тапшылыққа не себеп болғанын Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин түсіндірді.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

2025 жылы бюджетке ҚҚС түсімі 6,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Бірақ осыған қарамастан, біз бюджет жоспарын 656 миллиард теңгеге орындаған жоқпыз. Өйткені жоспарда ҚҚС қайтаруға 877 миллиард теңге қарастырылған, ал біз 1 трлн 354 млрд теңге қайтардық. Сол себепті де осындай проблема бар.

Бюджет кірістерін жоспарлау сапасына Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановта шүйлікті. Ішкі өнім жоғары болғанымен, кіріс табысы мардымсыз деді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Парламент алғаш рет мемлекеттік қарыздың, бюджеттен тыс қорлардың жай-күйі, квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы кеңірек ақпарат алды. Бұл жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Осы талқылаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес, алдағы жұмысымызда назар аударуға қажетті шешімдер табу. Атап айтқанда, бюджет саясаты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар беру.

Оның үстіне мемлекеттік органдар бюджет шығыстарын өз беттерінше оңды-солды өзгерте берген. Мәжіліс спикері қазына қаражатына 8 рет түзету енгізілген деді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кейбір салаларда шығыстар көлемі 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы алғанда, өткен жылы бюджетке сегіз рет түзету енгізілді. Бұл бюджеттік бағдарламаларды бастапқы жоспарлау жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көрсетеді.

Есеп барысында Ұлттық қор қаржысын қажетіне алғандарда анықталды. Қор қаражаты абаттандыру жұмыстарына да жұмсалған. Осыған байланысты Ерлан Қошанов Үкіметке Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қосымша мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек, халық қарызға белшеден батқан. Депутат Наталья Дементьева жұрттың несиеге тәуелді болып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде экономикалық белсенді азаматтардың 90 пайыздан астамының несиелік міндеттемелері бар. Сонымен бірге инвестиция мен жаңа өндірістер құруға бағытталған несиелер тұтынушылық несиелерден бірнеше есе төмен болып отыр.

Иә, өткен жылы тұтынушылық несиелер көлемі 21 пайызға, ал автонесиелер 22 пайызға артқан. Бұған Ұлттық банк шектеулер енгізіп отырмыз деді. Нәтижесінде жеке несиелерге қатысты тәртіп күшейген.