Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасындағы келісімге қолдау білдірді. Президент қазіргідей жаһандық текетірес күшейген сын сағатта бұл келісімнің бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, қос тараптың саяси ерік-жігеріне жоғары баға беріп, Ақ үй басшысы мен Иран жетекшілігінің қадамын ерекше атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Халықаралық ахуал күрделі қазіргі кезеңде аймақ және әлемдік қоғамдастық үшін мұндай келісімнің маңызы зор. Біз тараптардың саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз. Бұл өзара сенімді қалпына келтіріп, екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Сын сәтте батыл әрекет етіп, стратегиялық көрегендік танытқан АҚШ Президенті Дональд Трамптың көшбасшылығын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы жетекшілігінің конструктивті ұстанымын қуаттаймыз. Қазақстан осы бейбіт келісімге қол қою Таяу Шығыста және одан тысқары жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалайтынына сенім артады.