Алматыдағы Шымбұлаққа көліктердің кіруіне салынған тыйымды Конституциялық сот заңсыз деп таныды. Құзырлы органның хабарлауынша, осыдан 10 жыл бұрын қабылданған шектеу экологияны қорғауға бағытталғанымен, адам құқығын бұзады. Оның үстіне тыйым салу-салмауды әкімдік емес, жергілікті мәслихат шешетінін мәлім етті. Енді бензинмен жүретін көліктер де Шымбұлаққа көтеріле ала ма? Халықтың пікірі қандай? Тақырыпты әріптесім Ғазиза Әмірбек жалғастырсын.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Алматының Шымбұлағына көлікпен кіруге тыйым осыдан тура 10 жыл бұрын салынған еді. Содан бері туристер мен тұрғындардың басым көпшілігі машинасын тұраққа қалдырып, ары қарай жаяу көтеріліп жүр. Алайда тоқпен жүретін темір тұлпарларға шектеу қойылмады. Бұл шешімді бірі қолдаса, бірі құптамайтын.
Әсіресе Шымбұлақ арқылы ғана қатынайтын Тұйықсу шатқалының тұрғындары шектеу олардың күнделікті өміріне қиындық туғызғанын айтады. Өз үйіне жету үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр болған тұрғындардың бірі мәселені Конституциялық сотқа дейін жеткізген. Сот өтінішті қарап, әкімдік қаулысының заңдылығын тексерді.
ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 2/122 қаулысының 1-тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Конституциялық сот қоршаған ортаны қорғау мемлекет үшін маңызды міндет екенін атап өтті. Дегенмен мұндай шектеулер азаматтардың конституциялық құқықтарына шамадан тыс кедергі келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ сот көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылдау әкімдіктің емес, жергілікті мәслихаттың құзыретіне жататынын көрсетті. Ал бұл шешімге тұрғындар мен демалушылардың көзқарасы әртүрлі.
БЛИЦ:
- Экологический зонаға саналмай қалады ол кезде, жүргіншілерге де кедергі болады. Патрубогы жарылады жоғары кетіп бара жатып суы көтеріліп. И төмен қарай түсіп бара жатқанда калоткалары қызып өртенеді.
- Былай жақсы ғой наоборот қарапайым адамдар машинамен спокойно көтерілуі үшін. Мен негізі қуанғам таңертең, шынымен өз машинамызбен көтерілеміз ба деп келгенбіз.
- Ауаны бүлдіреді. Кейде байқаймыз жұмыскерлер ғой енді, оларға рұқсат қой әрі бері шығып жүрген. 1-2 машина жүргеннің өзінде ана иіс дейтін, таза ауа жұту үшін келеміз ғой негізі.
Әзірге Шымбұлаққа көліктердің кіру тәртібі бірден өзгермейді. Мамандардың айтуынша, бұл шешім Шымбұлақ пен Тұйықсу шатқалдары аумағында тұратын тұрғындардың еркін жүріп-тұру құқығына қатысты маңызды прецедент ретінде бағалануда. Енді жергілікті билік көлік қозғалысын реттеу мәселесін қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қайта қарауы мүмкін.