$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Әділет" партиясы "Аманатты" құрамына қосты

AstanaTV
15.06.2026ж. 19:00
"Әділет" партиясы "Аманатты" құрамына қосты

"Әділет" партиясы "Аманатты" құрамына қосты. Кезекті съез кезінде делегаттар саяси маңызды шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді. Бұл қадам - елдің саяси жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде сипатталады.

Аманаттың "Әділет" партиясына қосылуы - съездегі маңызды мәселелердің бірі болды. Делегаттар дауысқа салды, толық қолдады. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, қабылданған шешім екі ұйымның бірігуі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы прогрессивті және жауапты саяси күштердің бір мүддеге жұмылуын білдіреді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘDILET» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл мемлекет пен қоғамның мүддесін ел болашағын жеке амбициялардан жоғары қоюдың жарқын үлгісі болды. Жетілген қоғамның нышаны. Қоғамға берілген маңызды белгі. Бүгінгі съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапаға ие болды, жаңа биікке көтерілді. Еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін, тегеуірінді күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегі ретінде бекідік.

Елордаға елдің түкпір түкпірінен партияның 600-ден аса өкілі жиналған. Тізімде делегаттар, қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің мүшелері бар. Съезде партияның өңірдегі филиалдарын құру және оларды тіркеу ережелері бекітілді.

НАУРЫЗБЕК МАҒДАТОВ, «ӘDILET» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ (МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ):

Осы партияның алғашқы күнінен бастап, осы салада бастамашыл топтың қызметімен бірге араласып, өңірден осы партияға азаматтарды мемлекеттік тіркеуден айналысқан болатынбыз. Сол негізде енді осы Әділет партиясының аймақтық филиалдарында алдағы уақытта жұмыс жасауға, сол партияның аймақтағы өңірдегі жанашырлары болуға дайынбыз.

Саяси ұйымға еліміздің әр өңірінен сан түрлі сала қызметкерлері қосылып жатыр. Дәрігер мен мұғалім, шахтер мен заңгер де Қазақстанның болашағына өз үлесін тигізсем дейді.

АРМАН ПИРЗАДАЕВ, «ӘDILET» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Партияның негізгі құндылықтары ол әділет, жауапкершілік, патриотизм, прогресс, еңбекқорлық деген құндылықтар менің ойымша қазір өте заман талабына сай қажетті азаматтарымыздың, мемлекетіміздің өсіп өркендеуіне бір тағы да серпін беретін құндылықтар деп санаймын.

Қос партияның бірігу ел үшін елеулі оқиға. Аманат партиясын 2022 жылдан бері Ерлан Қошанов басқарды. Сол уақытта атқарған еңбегі мен партияның Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысқаны үшін Президент алғысын білдірді. Сонымен бірге, отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді.