$510.08 €539.61 ₽5.15
×

ҰТО басшысы ҰБТ-ның жаңа тәртібі мен сұрақтары туралы айтып берді

AstanaTV
13.02.2018ж. 20:00
9624
ҰТО  басшысы ҰБТ-ның жаңа тәртібі мен сұрақтары туралы айтып берді

Биылғы өтетін ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтып берді. Оның сөзінше, қазір 120 мыңға жуық сұрақ бар, ал жауабы терең білімді қажет етеді. Сондай-ақ, белгілі себеппен тестке қатыса алмаған оқушы келер күні өз қаласының басқа бөлімшесінде тапсыруға мүмкіндік алады.

Рамазан Әлімқұлов, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Егер былтыр 80 мың тапсырма болса, биыл 120 мың сұрақ бар. Оның 11 пайызы баланың жан-жақты білімін анықтауға бағытталған. 37 пайызында бір немесе бірнеше дұрыс жауабы болады. Мұндай сұрақ өз пәнін тереңірек білуге мүмкіндік береді.

Ал, ұстаздардың айлығына қосылатын 30 пайыздық үстемені министрлік биылғы наурыздан бастап төлей бастайды. Мұны Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибигүл Асылова айтты. Оның айтуынша, біліктілікті анықтайтын тест тапсырылғаннан кейін қала мұғалімдерінің айлығы 140 мың шамасында болса, ауыл ұстазының еңбекақысы 160 мыңға дейін жетеді. Оған қоса сыйақы алатын мүмкіндік болады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Егер жекеменшік мектеп салынып жатса, біз жан басына шаққандағы нормативті төлейтін боламыз. Бұл дегеніңіз - қала бойынша орташа айлық көлемі алынып, онда қосымша шығындар есептеліп, мұғалімдерге берілетін сыйақы бар, барлығы меншікті мектепке беріледі. Әр оқушыға бөлінеді. Сонда мұғалімдер орташа айлықтан да жоғары айлық алуға мүмкіндік алады. 

Ал мемлекеттік мектептер жаңа жүйеге немесе жан басына төленетін жүйеге көше алады. Ол мектептің дайындығына байланысты. Министрдің сөзінше, биыл Шымкент, Астана және Ақтөбе облыстары жан басына ақша төлеу жүйесі бойынша бюджетке енгізілген. Бұған республикалық бюджеттен де қосымша ақша қарастырылған.