Индонезия Республикасының Джакарта қаласында алғаш рет «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесі және Қазақстан-Индонезия жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірінші форумы өтті, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Көрме мен форумның өткізілуі Қазақстан мен Индонезия арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды кезеңі болды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, академиялық байланыстарды кеңейтуге және екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы институционалдық серіктестікті тереңдетуге бағытталған тиімді алаңға айналды.
Қазақстан тарапынан 11 жоғары оқу орнының өкілдері қатысып, білім беру бағдарламаларын, ғылыми-білім беру әлеуеті мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын таныстырды. Индонезия тарапынан шамамен 20 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты, бұл индонезиялық академиялық қауымдастықтың қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Көрме мен форум аясында екі елдің жоғары оқу орын басшылары арасында екіжақты кездесулер өткізілді. Олардың барысында академиялық серіктестікті дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның алмасуын дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Индонезияның жетекші жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды, олар ұзақ мерзімді академиялық серіктестікті нығайтуға, институционалдық байланыстарды дамытуға және бірлескен білім беру мен ғылыми бастамаларды іске асыруға бағытталған.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Индонезия арасындағы жоғары білім беру саласындағы өзара сенім мен серіктестіктің нығайғанын айғақтайды және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым, академиялық ұтқырлық пен кадрлар даярлау салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге берік негіз қалайды.