Оралда
осыдан бір ай бұрын жоғалған жігіттің Сириядағы қақтығысқа еш қатысы жоқ. Бұл
туралы арнамызға оның анасы Любовь Галянина айтты. Ол ұлының әсіре діншіл еместігін растап отыр.
25 жастағы Андрей Галянинді бір ай бойы іздеген туыстары көріпкел-емшілердің де
көмегіне жүгінген. Бірақ еш нәтиже жоқ. Жоғалған жігітті әлеуметтік желі
қолданушылары да іздестіруде.
Любовь
Галянина:
Ол
Сирияға кеткен жоқ. Бір сөзінде Сирияға барғандар туралы айтқаны рас. Бірақ ол
соғыс түгілі, әскерде де болып көрген жоқ. Қан аздығы ауруына шалдығып, әскерге
жарамады. Егер ол шетелге кетер болса, күні бұрын заттарын жинап, маған белгі
берер еді ғой. Бір айдан бері қатты шаршадым, ұлыма не болғанын білмеймін.
Бұл
оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық ішкі істер басқармасы іздеу
жұмыстарын бастаған. Облыстық ІІД
дерегінше, қаңтар-ақпан айларында аймақта үш адам із-түзсіз жоғалған. Әзірге
олардың ешбірі табылмай отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде ресми деректер бойынша,
облыста 47 адам хабар-ошарсыз кетіпті.
39-ы 24 пен 70 жас аралығындағы
ер адамдар. Полицейлер жоғалғандардың дені ішімдік пен есірткіге құмар жандар
екендігін айтады.
Еркін КАРИН