$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Шала туған нәрестелер Наурыз мейрамына орай ерекше сыйлық алды

AstanaTV
25.03.2016ж. 20:00
2736
Шала туған нәрестелер Наурыз мейрамына орай ерекше сыйлық алды

Қарағандыда шала туған нәрестелер Наурыз мейрамына орай ерекше сыйлық алды. «28 ілмек» клубының тоқымашылары сәбилерге табиғи жүннен тоқылған эксклюзивті жылы киімдерді тарту етті. Кішкентай шұлықтарды, кеудешелер мен тымақтарды олар 3 ай бойы көз майын тауысып тоқыған. Бұл киімдер жаңа босанған жас аналарға да қуаныш сыйлады.

Салмағы небәрі 1 жарым келі болатын титімдей Софияның аяғына мына шұлық құйып қойғандай. Анасы бұл киімнің арнайы қондырғыда жатқан сәбиінің денсаулығын жақсартатынына сенеді. Сондықтан тосын сыйды қуана қабылдады.

Тоқыма киім осындай кішкентай балаларға аса қажет, жылытады. Менің қара торы қызыма жараса кетті.

120-дан астам кеудеше, шұлық, тымақ облыстық перинаталдық орталықта жатқан нәрестелерге табысталды. Мұндағы неонтология бөлімінде мерзімінен бұрын дүниеге келген 14 шақалақ ем алуда. Көбі өздігінен тыныс ала алмағасын, арнайы қондырғыларға салынған. Ақ халаттылардың айтуынша, табиғи бұйымдар дәл осындай шала туғандарға қажет-ақ.

Лариса Ясная, Қарағанды облыстық перинаталдық орталығы патология бөлімінің меңгерушісі:

Табиғи жүн бала терісін тітіркендіріп, нәрестенің үздіксіз дем алуына көмектеседі. Яғни мерзімінінен бұрын дүниеге келгендерді өмірге бейімдейді, жылытады. Әрі эстетикалық тұрғыдан аналарға да демеу. Шала туған баланы қалай бағу керектігін біле қоймайтын аналарға да көмек.

Ғалия Нәбиева, Қарағанды қаласындағы «28 ілмек» клубының үйлестірушісі:

Ата-балаларымыз шала туылған балаларды тымаққа салып өсірген. Бүгінгі таңда да бұл әлемдік практика. Яғни жүннен тоқылған киімдер балаға пайдалы екені дәлелденген. Сондықтан біз де қоғамға өз үлесімізді қосып, ата-аналарға қолдау көрсеткіміз келеді.

Қарағандыда жарты жыл бұрын ашылған «28  ілмек» клубының 30 тоқымашысы жылы киімдерді дайындауға 3 ай кеткенін айтады. Жіптерді өз қаражатына сатыл алған олар бөбектер үйіндегі шақалақтарға да шұлық тоқып берген. 

Айжан Қуаш, тілші:

Тоқымашылар жіптердің түстерін де аса талғаммен таңдайды. Мысалы, күлгін түс - қыздарға, көк түс -ұлдарға. Осылай, жарты жылдың ішінде 500-дей киім тоқылып, барлығы түгелдей нәрестелерге берілген.

«28 ілмек» жобасы еліміздің әр түкпірінде жүзеге асырылуда. Оның белсенді мүшелері 2012 жылдан бері 9 мыңдай киім тоқыған. Қайырымды жандар шын ниеттерімен жасалған бұйымдарын кез-келген өңірге, шағын қалалар мен аудандарға жөнелтуді де жоспарлап отыр. 

Айжан ҚУАШ