$487.01 €557.87 ₽6.59
×

«Қазақстан 2030 жылғы қысқы Олимпиадада жүлде алады», - бас бапкер

«Қазақстан 2030 жылғы қысқы Олимпиадада жүлде алады», - бас бапкер

Қазақстан 2030-ы жылғы Францияда өтетін қысқы олимпиада ойындарында міндетті түрде жүлде алады. Тіпті, алтынға да таласымыз бар, - дейді тұғырдан секіру бойынша Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Биекенов. Щучинске қазақстандық шаңғымен секірушілер Ресей және Әзербайжан құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Қазақстан құрамасының болашағы зор. 2022 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері, ресейлік спортшы – Евгений Климов осылай деді. Оның айтуынша, еліміздегі жаңа буын тұғырдан секірушілер Еуропалық және Солтүстік Америкалық командалармен бәсекелес болуға қазірден дайын.

ЕВГЕНИЙ КЛИМОВ, ПЕКИН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Соңғы жылдары қазақ спортшыларының деңгейі көз ілеспес жылдамдықпен артып келе жатыр. Илья Мизерных пен Данил Васильев әлемге танылды. Оны өздеріңіз де білесіздер. Мәселен, Щучинсктегі осы жаттығу базасы өте керемет. Сочи олимпиадасына салынған заманауи кешенмен бірдей. Тек жаттығу ғана емес, демалып, емделу үшін де бар жағдай жасалған. Сондықтан, біз де қуана осы жерге оқу-жаттығу үшін келдік.

Илья Мизерных демекші, жас та болса бас болған отандасымыз биыл өткен Милан Кортина Олимпиадасында азуын айға білеген әлемнің үздіктерінің ортасында үздік ондықтан көрінді. Жасөспірімдер олимпиадасын жеңген қазақстандық спортшы болашаққа зор үмітпен қарайды.

ИЛЬЯ МИЗЕРНЫХ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл спорт түріне мемлекеттің жасаған қолдауы нәтиже беріп келеді. Соңғы 4 жылда алға үлкен қадам жасадық. Заманауи инфрақұрылым елімізде қалыптасты. Алысқа бармай-ақ, дайындалуға болады. Әсіресе, жастарды тұғырдан секіруге баулу мен оларды шынықтыру жылдан-жылға жақсарып келе жатқандықтан, алдағы 4 жылда ел намысын қорғайтын тағы бірнеше спортшы шығады. Мен олай деп сеніммен айта аламын. Олар, тіпті, менен мықты болатынын қазірдің өзінде байқап жүрмін.

Бұрымды спортшыларымыздың әлемдік аренада нәтижелері ерлерден төмен болғанымен, бұл тек уақытша дейді, - Алиса Седова. Ол Олимпиадалық лицензия алатынына сенімді.

АЛИСА СЕДОВА, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазірдің өзінде Құрлықаралық бәсекелерге ересектер арасында қатысып үлгердім. Еуропа чемпионатында 17-і орынға тұрақтадым. Ересектермен күресу – мүлдем басқа деңгей. Бірақ, өз нәтижелерімді уақыт өте келе жақсарта беретініме сенімдімін.

Ұлттық құрама бас бапкері – Қайрат Биекенов спортшылар нағыз бабында екенін айтуда. Отандастарымыз тұғырдан секіруден Әлем кубогінің жазғы кезеңдерінде қанжығаларын майлап қайтуға мүдделі.

ҚАЙРАТ БИЕКЕНОВ, ШАҢҒЫМЕН ТҰҒЫРДАН СЕКІРУ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Бүгінде Щучинск жазғы Гран-приге дайындалу үшін таптырмас жер. Көпшілік, бұл тек қысқы спорт түрі деп ойлайды. Алайда, спортшыларымыз үшін рейтингтік ұпайлар жинап, өз орындарын бекемдеу үшін жарыстан қалуға болмайды. Ендігі, бар жұмысымыз 2030 жылғы Олимпиадада кем дегенде үздік үштіктен көріну мақсаты үшін жұмысты жоспарлап қойдық. Шаңғымен тұғырдан секірудің Қазақстандағы дәуірі басталды, - деп нық сеніммен айта аламын. Себебі, өзгелерден қорықпай, алтынға таласты бастаймыз.

Айта кетейік, Ұлттық құраманың 2 жылдан кейін басталатын лицензиялық турнирлерге нағыз бабында баруды жоспарлап отыр. Мақсат – төртжылдықтың басты додасына неғұрлым көп спортшы апару.