«Бір отбасы - бір мамандық". Қызылорда облысында атасы, әке-шешесі, тіпті жары да құқық қорғау саласында тер төгіп жүрген полиция династиясы бар. Осы әулеттің кенжесі, бүгінде капитан шенін алған Дамир Әмірхан қызметте де, отбасында да тепе-теңдікті тең ұстап келеді. Күн-түн демей ел қауіпсіздігін күзететін жас маманның тындырымды тірлігі туралы әріптестерім баяндайды.
Капитан Дамир Әмірхан осыдан бес жыл бұрын құқық қорғау саласына қарапайым тергеуші болып қадам басқан. Бүгінде ол - Полиция департаментінде абыройлы қызмет атқарып жүрген білікті маман. Дамир қызметте ғана емес, өмірде де бағы жанған жан. Себебі өз бақытын осы саладан тауып, шаңырақ көтерді. Күн-түн демей ел күзетінде жүрген капитан - өз шаңырағының да берік тірегі.
ДАМИР ӘМІРХАН, ОБЛЫСТЫҚ ПД ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Полиция қызметкерінің ұстанымы бар ғой. Абырой, міндет, ерлік деген сияқты. Өз жұмысымды білемін. Өз жұмысымды тиянақты атқарамын. Кешкілік уақытта өз отбасыма барынша көп көңіл бөлуге тырысамын. Сол себепті маған екі жақты ұстау қиыншылық тудырмайды. Тепе-теңдікте әрқайсысын ретімен жұмыс жасап отырамыз.
Кейіпкеріміз бала күнінен әскери тәртіптің сырына қанығып, полиция отбасында тәрбиеленген. Тұтас бір әулеттің құқық қорғау саласында қолтаңбасы бар. Атасы, әкесі мен анасы да осы салада тер төгіп, зейнетке шыққан ардагерлер. Сондықтан болар, әке жолын қуып, погон таққан баланың таңдауына отбасы тек қолдау көрсеткен.
САЛТАНАТ ЖҮСІПОВА, АНАСЫ:
Аталарымыз да осыдан 29 жыл бұрын осыдан пенсияға шығып, қазір ол кісілер де бейнеттің зейнетін көріп жатыр. Биыл ІІО ардагері дейміз, сол кісілердің қатарына өзім де қосылып жатырмын. Бұл мамандықты адам өз жүрегімен қалап таңдауы керек. Таңдамаса, қаламаса бұл мамандықты істей алады деп айта алмаймын.
Бүгінде Дамирдің жары Мөлдір де - осы салада жүрген білікті тергеуші. Жақында ғана сәбилі болып, қуанышқа кенелген жас отбасы үлкендердің салған сара жолын жалғап келеді. Олардың басты мақсаты - ата-ана аманатына адал болып, елге абыроймен қызмет ету.