Ал Шымкенттегі Сүлейменовтер отбасында бір үйден төрт бірдей жан құқық қорғау саласын таңдаған. Сапар Оразбекұлының екі қызы мен ұлы полиция қызметінде. Өзі құқық қорғау саласында 25 жыл еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Полицейлер династиясымен әріптесім Айзада Төребекқызы сұқбаттасып қайтты.
62 жастағы Шымкент тұрғыны Сапар Сүлейменов спортты жанына серік еткен жан. Күніне екі мезгіл турникке тартынып, түрлі жаттығуларды жасауды дағдыға айналдырған. Грек-рим күресінен спорт шебері 25 жыл құқық қорғау саласында қызмет істеген. Ширек ғасыр бойы қылмысты іздестіру бөлімінде еңбек еткен зейнеткер бүгінгі кәсіби мерекемен әріптестерін арнайы құттықтады.
САПАР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Өте қиын және жауапты мамандық қой, өте қиын. Бір жағынан қызық та. Жоқты іздейсің ғой... Біздер қылмысты іздестіру бөлімінде істедік. Жоқты іздеу керек, жоқты табу керек. Ұстау керек. Ол ұстатпаймын деп қашады. Сол әйтеуір кәсіпкерлігіңді асырып өзіңнің мамандығыңның күштіліңнен ұстайсың, табасы ашасың...
Сапар Оразбекұлы жан жарымен бірге 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған бақытты жан. 14 немеренің атасы. Үлкен қызы жеке кәсіпкерлікті таңдаса, бір ұлы прорурор. Ал екі қызы мен бір ұлы әке жолын қуған. Ішкі істер саласында қызметте. Полицейлер отбасы болғандықтан бүгінгі мерекеге ерекше көңіл бөлетіндерін айтады. Түскі үзілісте әкелерін құттықтай келген қос полицей қыздың бірі, полиция капитаны -Манзура Сүлейменова. Әке жолын қуған қыз. Бүгінде полк патрульдік полициясының аға инспекторы қызметінде. Он жылдан бері құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген нәзік жанды бастапқыда кәмелетке толмағандармен жұмыс істегенін айтады.
МАНЗУРА СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ПОЛК ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Кішкентайымнан мен әртүрлі салада спорт саласында да, ән, жан жақты қырымнан өзімді қиын жолдарда сынап көруді ұнататынмын. Табандылық танытып осындай жолдардан өту, қиындықтан өту мен үшін бір қуаныш жетістік болатын. Сол себепті әкемнің жолын жалғап, елге адал қызмет атқару мақсатында осы салаға келдім.
Ал 31 жастағы Азамат Сапарұлы 5 жылдан бері жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың құрамында. Полиция инспекторы осы жолды таңдауына әкесінің тікелей әсері болғанын жасырмайды.
АЗАМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЫЛДАМ ҚИМЫЛДАЙТЫН АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
Әкемді кішкентайымыздан қарап өстік. Қандай қылмыскерлермен арпалысып, +болған оқиғаларды айтып береді қалай ұстағандарын қылмыскерлерді. Соларды көріп өскеннен кейін мен де осы саланы таңдадым. Осы салаға қызықтым. Қаншалықты ауыр болғанмен соншалықты қызық болып келе береді. Күнделікті әртүрлі оқиғаларда боласың. Әртүрлі адамдарды көресің. Жұмыстың жауапкершілігі өте көп бізде.
Полицейлер әулетінің ұл-қыздары ғана емес, немерелері де есейгенде полицей болуды армандайтындарын айтты.