$487.02 €552.23 ₽6.51
×

ЖИ арқылы кітапты қабілетке айналдыруға болады, - сарапшы

AstanaTV
24.06.2026ж. 19:00
ЖИ арқылы кітапты қабілетке айналдыруға болады, - сарапшы

Әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам жаңа кітап жарық көреді. Бірақ бәрі бірдей оқыла бермейтіні тағы бар. Ал цифрлық технологиялар дамыған заманда кітаптың қоғамдағы орны қандай? Aqsham Talks зияткерлік алаңында оқырман сұранысы жайлы талқыланды.

Бүгінде жасанды интеллектті жас та, жасамыс та жиі қолданады. Сондықтан мамандар жаңа технологияларды кітап оқу мәдениетін дамытуға да тиімді пайдалану қажет дейді. Олардың пікірінше, ЖИ кітаптың орнын баспай, оқырманды білімге жетелейтін құрал болуы тиіс.

ТИМУР БЕКТҰР, ЖИ МАМАНЫ:

Мәселен сіз одан анимациялық видео жасай аласыз. Инфо-графикалық фото жасай аласыз. Және қазір бір керемет мүмкіндік шықты. ЖИ арқылы кез келген кітапты қабілетке айналдыра аласыз.

Баланың кітапқа деген қызығушылығы ерте жастан қалыптасатыны анық. Мәселен нәрестеге 8 айынан бастап кітап оқып берсе, оның тілдік қорының дамуына және ақпаратты қабылдау қабілетінің артуына оң әсер етеді екен.

АРЫН ҚҰНАНБАЙҰЛЫ, ФИЛОЛОГ-ЗЕРТТЕУШІ:

Таңба, морфема, графема деген түсініктер бар ғой. Бала үшін өте қиын. Басында. Сол үшін жеңілдетеміз. Ұйқас қуамыз. Мысалы тоғай-ноғай, аш тоқ деген секілді.

Кітап оқу мәдениетін дәріптеуді мақсат еткен жобаға түрлі сала өкілдері қатысты. Мұндай кездесулер оқырман мен сарапшылар арасында ашық пікір алмасу алаңын қалыптастырады.

ОЛЖАС СЫДЫҚБЕК, “ELORDA AQPARAT” МЕДИАХОЛДИНГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгін міне бірінші рет осы кітап сүйер қауымды, кітап оқитын клубтың мүшелерін баспагерлерді шақыра отырып, медиа өкілдері бар. Қаламгер қауым бар. Журналистер, жазушылардың басын қоса отырып интелектуалды площадкада осы мәселені талқылау.

Жоба алдағы уақытта тұрақты форматта өткізіліп, білім, руханият, технология және шығармашылық тақырыптарын тоғыстыратын ашық пікірталас алаңына айналмақ.