$485.4 €550.69 ₽6.41
×

Қазақстан мен Таиланд 2 жылдық маңызды меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Таиланд 2 жылдық маңызды меморандумға қол қойды

Таиланд – Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхитыны шығатын қақпа. Еліміз адами капиталы мол, экономикасы озық елдермен байланысты одан сайын нығайтпақ.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таиланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен келіссөз жүргізді. Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастықты ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, жасыл энергетика, стратегиялық минералдар салаларында, сондай-ақ азаматтар арасындағы байланыстар мен туризм бағыттарын әртараптандыру арқылы нығайтпақ. Екі тарап 2027–2028 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Біз таиландты АСЕАН нарығына шығатын маңызды қақпа ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, Таиланд Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына Қазақстан арқылы кеңірек қол жеткізе алады. Осы бағыттағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз.

Таиландтың да елімізге ұсынары көп. Туризм саласында алдағы уақытта қазақстандық мамандар білім алады. Сихасак Пуангкеткео өз елінің қасықтап жинаған бар тәжірибесімен бөлісуге әзір екендігін жеткізді. Жақын арада, қос мемлекет білім беру саласында тиісті жоспар жасау үшін жұмысты бастамақ. Айта кетейік, келер жылы Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады.

СИХАСАК ПУАНГКЕТКЕО, ТАИЛАНД КОРОЛЬДІГІ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Таиландтың көптеген туризм мен меймандостық саласындағы компаниялары Әлемнің бірнеше елінде, оның ішінде, Солтүстік Америкада, Кәрі Құрлықта табысты жұмыс істеп келеді. Біз Қазақстанның әлеуетін баяғыдан білеміз. Туризмді дамыту үшін бірқатар жұмысты бірлесе атқаруға болады. Бұл салаларда Таиландтың білім берудегі жетістіктері ерекше. Әлемдегі ең озық оқу орындарының қатарына кіреді. Біз барлық қазақстандық студенттерді құшақ жая қарсы алуға әзірміз.