$485.4 €550.69 ₽6.41
×

Қазақстан Түрікменстанға құны 200 млн АҚШ долларынан асатын 178 экспорттық тауар позициясын ұсынды

AstanaTV
25.06.2026ж. 19:00
Қазақстан Түрікменстанға құны 200 млн АҚШ долларынан асатын 178 экспорттық тауар позициясын ұсынды

Қазақстан көрші Түрікменстан нарығына құны 200 миллион доллардан асатын дайын өнімдерін экспорттамақ. Оның ішінде елімізде өндірілетін ұн мен майға сұраныс жоғары. Ал алдағы уақытта цифрлық коммерция мен тоқыма өнеркәсібіндегі өндірушілер тікелей байланысқа көшпек. Сауда-саттықтың жаңа тетіктері қалай жүзеге асады? Аяулым Изатқызының бейнематериалында.

Құдай қосқан көршімізбен алыс-беріс пен барыс-келіс соңғы уақытта жақсы қарқын алды. Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан тек шикізат саудасымен шектеліп қалмай, нарықты барынша әртараптандыруға көшкен. Отандық кәсіпорындар көрші елдің сұранысын ескере отырып, дайын өнімдердің 178 түрін ұсынды. Ендігі мақсат - сауда көлемін заман талабына сай заманауи тетіктермен арттыру.

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ, «QAZTRADE» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда айналымы 500 миллион АҚШ долларынан асып жығылады. Оның 300 миллионнан астамы қазақстандық экспорт өнімдері. Бұл тауар айналымын орта мерзімде Қазақстан 1 миллиардқа доін жеткізуді жоспарлап отыр. Көбіне Қазақстаннан осы өткен жылдың өзінде ауылшаруашылық өнімдерін жеткізілімі 34 пайызға артқан. Оның ішінде ұн және өсімдік майы Түрікменстан нарығында жоғары көрсеткішке ие. Сонымен қатар Түрікменстаннан елімізге көптеген текстиль өнімдері, сондай-ақ көкөністер жеткізіледі.

Мұндай оң көрсеткіштер - ұзақ уақыт бойы бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. Саудадағы серпін биыл да өз арнасынан жаңылған жоқ. Тауар алмасу көлемінің ұлғаюы қос тараптың бизнесін дамытып,  жаңа инвестициялық жобалардың дүниеге келуіне де үлкен септігін тигізіп отыр.

АЙЖАН БИЖАНОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазақстандық өнім экспорты 50 пайызға өсті, алайда Түрікменстаннан импорт көлемі бес есеге артты. Биыл да оң өсім сақталып отыр. Биылдың өзінде бері екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы шамамен 215 миллион АҚШ долларын құрады. Алайда бұл - тек бастамасы.

Екі елдің нарығын жақындата түсетін негізгі күш - тікелей өндірушілер арасындағы тығыз байланыс. Зауыт-фабрикалардың өзара тіл табысуы - бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан Астанада арнайы форум ұйымдастырылып, қос елдің іскерлік топтары кездесіп, ортақ мәмілеге келудің жолдарын талқылады.

АЙНҰР ӘМІРБЕКОВА. «QAZTRADE» АҚ ЭКСПОРТТЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Форумның негізгі бағыты – B2B форматындағы келіссөздер. Біз трейдерлер мен дистрибьюторларды ғана емес, өндіруші кәсіпорындарды да шақырдық. Мақсат – тікелей байланыстар орнатып, сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыру. Бір алаңда Қазақстаннан 100-ден астам компания мен Түрікменстаннан 40-тан астам бизнес өкілінің басын қоса алдық.

Кездесу соңы нақты келісімдермен бекітілді. Сауда саясатын дамыту орталығы көрші елдің кәсіпкерлер одағымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.