Білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану – уақыт талабы. Осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Астанадағы «Келешек мектептерінің» директорлары Қытайда біліктіліктерін арттырып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде Қазақстанның орта білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшыларына арналған «Жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде пайдалану» тақырыбындағы халықаралық біліктілікті арттыру курсы өтіп жатыр.
Аталған бағдарламаға Астана қаласындағы №99, №100, №101, №114 және №115 «Келешек мектептерінің» директорлары қатысып жатыр. Делегацияға Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Тоқтасынқызы жетекшілік етеді.
Бір апталық курс барысында қатысушыларға арнап жасанды интеллектің білім беру саласындағы мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеп, цифрлық білім беру экожүйесі, инновациялық педагогикалық технологиялар, білім беру платформалары және мектепті басқарудағы заманауи цифрлық шешімдер бойынша қытайлық ғалымдар мен жетекші мамандар дәрістер өткізеді. Сонымен қатар тәжірибелік сабақтарда жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізудің нақты тәсілдерін меңгеріп, халықаралық тәжірибемен танысады.
Бағдарламаның тағы бір маңызды ерекшелігі – мәдени-гуманитарлық бағыттағы іс-шаралар. Қатысушылар Қытай халқының тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен және ұлттық құндылықтарымен танысып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады. Бұл тәжірибе білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тек кәсіби тәжірибе алмасумен шектелмей, өзара мәдени түсіністік пен рухани байланысты нығайтуға да қызмет ететінін көрсетті.
Осындай тағылымды тәжірибе Қазақстанға келетін шетелдік делегацияларға да ұлттық мәдениетімізді, төл дәстүрімізді және рухани мұрамызды кеңінен таныстырудың маңызын айқындай түседі.
Халықаралық біліктілікті арттыру курсы астаналық мектеп басшыларының кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру жүйесіне тиімді енгізуге, мектеп басқару ісін жетілдіруге және білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді.
Мұндай халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік озық тәжірибелермен сабақтасып, заман талабына сай дамуына жол ашатыны сөзсіз.