$479.26 €546.21 ₽6.13
×

Павлодар облысында түнгі рейд кезінде мас күйдегі жасөспірім анықталды

Павлодар облысында түнгі рейд кезінде мас күйдегі жасөспірім анықталды
Polisia.kz

Ертіс өңірінде полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру деректерін анықтау мақсатында кезекті профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді.

Мұндай шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балаларға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған.

– Мәселен, Екібастұз қаласындағы "Шахтер" демалыс саябағында мас күйде жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Ол Кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына жеткізіліп, кейін медициналық куәландырудан өту үшін емдеу мекемесіне жолданды. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін оның заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда мас күйде жүрген немесе алкогольдік ішімдіктер ішкен 18 жасқа толмаған тұлғаларға қатысты 78 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Сонымен қатар заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 1459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың жүрген жерін тұрақты бақылауда ұстауға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін әрдайым есте ұстауға шақырады.