Қазақстан -шикізаттық экономика ретінде ғана емес, біртіндеп өсудің неғұрлым орнықты моделін қалыптастырып келе жатқан мемлекет. Шетелдік сарапшылар осылай дейді. Бұл туралы Reuters сайтында жарияланған World Impact Media Organization есебінде айтылды. Жаһандық нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан, еліміз даму қарқынын жоғалтқан жоқ. Бүгінде өсім көздері мұнаймен ғана шектелмей, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және заманауи қызмет көрсету есебінен кеңейіп келеді.
Былтыр жалпы ішкі өнім 6,5%-ға артса, 2026 жылдың 5 айында тағы 3,7% өсім тіркелді. Ең бастысы даму жан-жақты. Құрылыс 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, көлік пен қоймалау 8,4%-ға, ал сауда 5,6%-ға өсті. Нақты сектор мен қызмет көрсету саласы да тұрақты ілгерілеп келеді.
АЙБАР ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:
Экономикамызды толық әртараптандырып өңдеуші белгі бір күрделі өнім жасаушы экономиканың қатарына қосыламыз. Сол үшін әлемдік сарапшылар біздің сандық өсу емес сапалық өсуді айтуда. Баяғыдан бері армандап келе жатқанымыз сапалық өсу болатын.
Экономикалық белсенділіктің артуына әсіресе құрылыс қарқыны зор серпін беріп отыр. Мамандар бұл саланың дамуы түрлі аралас салаларға жақсы әсер беретінін айтады.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Құрылыс саласының 14 пайызға өсуі бұл да үлкен көрсеткіш. Өйткені бір құрылыс саласының өзі ондаған мультипликативтік экономикалық тиімділік беретін жағдай. Құрылыс саласы дамитын болса цемент шығарудың, металлургияның, жиhаздың, қызмет көрсету саласының дамуына, джүздеген мың адамның жұмыспен қамтылуына сол арқылы салық салатын базаның артуына әкеледі.
Шетелдік сарапшылар елдің инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалауда. Еліміз Орталық Азияның басты хабына айналды. Мәселен, тартылған 19 миллиард долларлық «greenfield» инвестицияның 89%-ы тек Қазақстанға тиесілі. Биыл да капиталды салымдар 7%-ға, ал жеке инвестициялар 17,4%-ға өсті.
МАҚСАТ ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Елімізге тікелей инвестиция тартылып жатса әсіресе ол шикізаттық сектор ғана емес нақты өндіріске тартылып жатса бұл қуантарлық жағдай. Өйткені елімізде зауыт-фабрикалар тұрғызылады. Ол жерде еліміздің азаматтары жұмысқа орналасады. Сапалы, жоғары еңбекақы төленетін жұмыс орындары ашыла бастайды. Бұл халық үшін пайдалы тұсы. Және сол мекемелер елімізде тауар өндірісін жоғары қояды.
Инвесторлар сенімін нығайту үшін Қазақстан Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты негізгі серіктестермен келісімдер ауқымын кеңейтті. Мемлекет бизнес үшін ашық әрі түсінікті ережелерді бекітуде. Соның нәтижесінде, еліміз шикізатқа тәуелділіктен арылып, өндіріс, логистика, агроөнеркәсіп және заманауи қызметтер алдыңғы шепке шыққан тұрақты экономикаға айналып келеді.