Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығы Орталық Азия елдеріне тікелей әсер ете бастады. Дегенмен бұл дағдарыс Қазақстан нарығын қыспайды. Ішкі сұранысты қамтамасыз ететін қор жеткілікті. Тапшылық болады деген дақпырт әңгіме, - деді Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев. Керісінше, импортқа тәуелді Қырғызстан билігі Қазақстаннан қосымша отын алуға өтініш білдіріп отыр.
ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қырғызстан тарапынан бізге ресми сұраныс келді. Біз оны қазір қарастырып жатырмыз. Бірақ бүкіл шешімдер біздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданатын болады. Және қандай да бір сұраулар біздің жанар-жағармай бағаларының кенеттен тыс өсуіне жол бермейді.
Бензинді шетелге заңсыз тасымалдауды тоқтату үшін Үкімет арнайы ереже қабылдады. Шекарадан бір көлік тәулігіне тек бір рет қана кіріп-шыға алады. Бұл еліміздегі жанармай бағасының арзандығын пайдаланып жүргендерге тосқауыл қоюға бағытталған. Сонымен қатар, вице-министр ел ішінде сұйытылған газ бағасы шарықтайды деген ақпаратты жоққа шығарды. Күзгі орақ маусымына қажетті дизель отынының қоры да жеткілікті.