Көк аспанның астында Көк туымыз тұғырлы болсын дедік, бірақ сол туды төрге емес, көрпеге айналдырғандарды да көрдік. Енді Үкімет бұған нүкте қойды. Байрақты бағалай алмай, басымызға пәле тілеп жүрген заман артта қалды. Туды қалай қадірлейміз, қай жерге іліп, қалай ұстаймыз? Жаңа ереженің талаптарын әріптесім түсіндіреді.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Патриоттық сезімді паш ету - айыппұл арқалау емес. Бұдан былай өз балконыңыздан Көк туды желбіретсеңіз, ешкім де сізге шүйлікпейді. Бірақ, еркіндік екен деп елеріп, байрақты қалай болса солай ілуге болмайды. Ереже қатаң, өлшем нақты. Ту қабырғаға дәл 45 градус бұрышпен шаншылуы тиіс. Ал егер жер үй болса еденнен 3 метр биік тұруы шарт. Көк ту көкке ұмтылуы керек, жерге тиіп, қадірі қашпауы тиіс.
ЕЛНАР БЕРІКБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұл түзетулер азаматтардың патриоттық рухын көтеру үшін жасалды. Дегенмен, еркіндік екен деп туды қалай болса солай пайдалануға болмайды. Жаңа ережеде туды киім қылып киюге, көрпе немесе перде ретінде жамылуға, коммерциялық мақсатта қолдануға қатаң тыйым салынған. Заң бұзылса, жауапкершілік қарастырылған.
Иә, туды көрпе қылып жамылып, перде қылып ілетіндер айыппұл арқалайды. Бұдан былай Көк байрақты жарнамаға тығып, дастарқан қылып төсеуге, кілемше қылып аяқ асты етуге қатаң тыйым салынады. Бірақ, нағыз мақтаныш иелеріне жол ашық. Білекті де жүректі спортшыларымыз енді халықаралық додаларда тудың бейнесін киіміне де, жабдығына да таңбалай алады. Тіпті, темір тұлпар мінген жүргізушілер де көлік салонына туды ілуге болады.
БЛИЦ:
- Өте тамаша. Мен іліп қоятын едім. Әр ел өзінің кім екенін өзінің қандай ел, жер екенін білуі керек қой. Даже осы жерде басқа халықтар да тұрып жатқан халықтар да қандай елде тұрып жатқандығын білуі керек.
- Ту мемлекеттік органдарда тұру керек. Ту әр азаматтың үйінде тұру керек жоғарғы жерінде.
Осылайша, мемлекеттік рәмізді қолданудың ережесі нақтыланды. Жаңа қаулы шілденің 13-інен бастап күшіне енбек.