Атырау аспаны қос ішектен төгілген ән мен күйге бөленді. Ұлттық домбыра күнінде 2500 домбырашы бір мезетте қос күйді төгілтіп орындады. Ашық аспан астындағы мерекелік шара ұлттық құндылықты насихаттап қана қоймай, өскелең ұрпақтың төл өнерге деген ықыласының ерекше екенін дәлелдеді.
Сұлтан Бейбарыс алаңында ерекше атмосфера. Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай екі мың бес жүз домбырашы мен биші сап түзеп, күй анасының алып бейнесін жасады. Қойылым ұлы күйшінің өміршең шығармашылық мұрасына деген тағзым мен құрметтің көрінісі.
ЖАННА НҰРОЛЛА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен үшін домбыра жай ғана аспап емес, ерекше көңіл –күй сыйлайды. Менің қатысқаныма 5 жылдан асты. Мен домьыраны қатты жақсы көремін.
Алаңға жиналған өнерпаздар Құрманғазының «Балбырауын» және Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйін бір мезетте орындады. Оған мектеп оқушыларынан бастап, өнер ұжымдары, домбыра шерте білетін қарапайым тұрғындар қатысты.
НАЗГҮЛ ҒИБАШЕВА, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгінгі шара өте маңызды біздің халық үшін, балалар үшін, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін. Домбыраның арқасында біздің балалар бір – бірін танып жатыр. Домбыраның бір қасиеті орысша сөйлейтін қазақтың балалары қазақ тілі шығып жатыр. Сондай феномен.
ЖӘНІБЕК АМАНИЯЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл композицияны шығару үшін мыңнан астам балалар келіп атсалысты, композицияны шығаруға. Оған қоса арнайы қала тұрғындары да келіп, қала қонақтары да келіп, өз өз домбыраларымен ерікті түрде келіп, екі бірдей күйді өнерпаздармен бірге орындауда. Өте әсерлі, өте жақсы шықты деп есептеймін.
Қазақтың дәстүрлі музыкасына арналған кеште алтын қорға енген таңдаулы шығармалар орындалды. Танымал күйшілер күй тартыс жасап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.