“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында Абай облысы полиция департаменті өңірдегі елді мекендердің тазалығы мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылдың басынан бері камералардың көмегімен ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 600-ден астам дерегі анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзудың 6 мыңнан астам дерегінің жолы кесілді. Әрбір факт бойынша ескерту жасау және айыппұл салу түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қатарында қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, қоғамдық аумақтарды ластау және абаттандыру қағидаларын сақтамау бар. Заманауи бейнебақылау жүйелерін пайдалану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және заңнама талаптарының сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және қоғамдық тәртіпті сақтау – әркімнің ортақ жауапкершілігі екенін есте ұстауға шақырады.