Астанада Жұмабаев көшесінің бойында түнде дрифт жасап, асфальт жабынын бүлдірген 22 жастағы BMW жүргізушісі ұсталды. Оның жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Astana TV.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзған азаматты анықтап, тиісті шара қолданған. Атап айтқанда, ол түнгі уақытта көлік жүретін бөлікте қауіпті маневр жасап, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен және салдарынан жолды зақымдаған. Сонымен қатар көлік жүргізуге құқығы болмаған. Осы құқық бұзушылықтары үшін жүргізуші бірден бірнеше бап бойынша жауапқа тартылды.
Жазадан көліктің иесі де тыс қалмады — оған темір тұлпарын куәлігі жоқ адамға сеніп тапсырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Сот қаулысымен құқық бұзушы 20 тәулікке қамауға алынып, автокөлік айып тұрағына жөнелтілді.