$467.98 €533.87 ₽6.11
×

Әскери медицинаның мүмкіндігі кеңейіп келеді

Әскери медицинаның мүмкіндігі кеңейіп келеді

Әскери медицинаның жүгі де, жауапкершілігі де ауыр.  Өйткені мұндағы дәрігерлер тек аурумен күреспейді. Уақытпен жарысып, экстремалды жағдайларға төтеп беруге тиіс.  Олардың басты міндеті – сарбаздың өмірін ғана емес, оның ұрысқа қабілеттілігін сақтап қалу. Дәл бүгін ақ халатын әскери формаға айырбастап, оқ пен оттың арасында адам жанына араша түсетін дәрігерлердің төл мерекесі.

Қазақ сарбаздары қару-жарағымен қатар алғашқы медициналық көмек құралдарын үнемі арқалап жүреді. Жәрдем беретін дәрі-дәрмегі қолы бірден жететін кеуде тұсындағы дорбада тұрады. Майдан даласында жарақат алып, жаны қысылса, бір-бірін аман алып қалудың нақты қадамдарын жасауға қай-қайсысы да машықтанған. Соғыстың беті аулақ болсын. Бірақ бейбіт күнде де арнайы операциялар күштері қарап жатпайды. Түрлі медициналық әдісті  меңгеріп, тәжірибе жинайды. Басты мақсат – әскери-дәрігердің алдына жеткенше сарбаздың денсаулық көрсеткіштерін тұрақтандыру.

БЕКСҰЛТАН ЫБРАҚЫМОВ,  32356 Ә/Б БӨЛІМШЕ СЕРЖАНТЫ – ФЕЛЬДШЕР:

Адамнан қан кету кезінде қандай көмек көрсету керек, кеудесінде пневмоторакс, гемоторакс, жарақаттар салдарынан, бас жарақаты салдарынан ауырсыну болған кезде қалай ауырсынуды басады және күйген кезде басқа да тәсілдер болғанда адамдар дене қызуының төмендеуі не жоғарлауы деген әдістер болады. Одан кейін сен қай уақытта қандай әдістер қолдандың  соны медицина мамандарына түсінікті болу үшін осындай істедім деп қосымша медициналдық карталары болса, дұрыс болады.  

Ақ халаттың сыртынан бронежилетті асынып, Қазақстанның қарулы күштерінің қатарына енген дәрігерлердің еңбегі көзге көріне бермейді. Әскери-медицина қызметкерлері елдің ішінде ғана емес, шетелдердегі бітімгерлік миссияларға да аттанады. Елімізде бүгінде 8 әскери госпиталь, 4 лазарет, орталық әскери-дәрігерлік комиссия мен арнайы санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер бар. Қорғаныс министрлігіне қарасты бұл мекемелер соңғы үлгідегі технологиялармен толық жабдықталған. Жылына мұнда мыңдаған әскери стационарлық көмекке жүгінеді. Дәрігерлер жүздеген күрделі хирургиялық операция жасайды. 

БЕРІК ІЛИЯСОВ, ҚР ҚК БӘМБ ЕМДЕУ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Кадр мәселесіне келетін болсақ, әуе қорғаныс күштері әскери институтында жыл сайын 40-50 шамасында курсанттарды қабылдап, болашақ әскери дәрігерлерді Батыс Қазақстан медициналық университетімен бірлесіп, дайындап жатырмыз. Одан бөлек Астана қаласында орналасқан Ұлттық қорғаныс университеті жанында әскери медициналық кафедра ашып, жоғары білімнен кейінгі офицерлерді дайындау сұрағын да шештік.

Әскери дәрігер – Отан  алдындағы парыз бен Гиппократ антын жүрегіне қатар ұялатқан жан. Демек, оларға артылған жауапкершілік те екі есе ауыр. Медицинаның жілігін шағып, майын ішкен бұл мамандар қажет кезде оқ пен оттың ортасында операция жасап, ел тағдыры үшін күресуге дайын. Темірдей тәртіп пен терең білімді серік еткен әскери дәрігерлердің қателесуге қақы жоқ. Өйткені олардың қолында – Отан қорғаушылардың өмірі мен елдің қауіпсіздігі тұр.