Оқыста жол апатына ұшырап, мүгедек болып қалған оралдық Сабина Ищанова да әділдік іздеп жүр. Ауыр жүк көлігінің астында қалған қыз жүргізушіні кінәлайды. Бірақ, көлік иесі рақымшылыққа ілігіп, жеңіл жазамен құтылыпты. Енді жәбірленуші тарап аппеляциялық сотқа шағымданды.
Сабинаның емтиханнан шыққан сәті таспаға кездейсоқ түсіп қалыпты. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда оны ауыр жүк көлігі екпінін тоқтатпастан басып өтті. Есін ауруханада жиған қыз емтиханды осында тапсырып, дипломды да осы жерде алды. Алғашында дәрігерлер басы жарылып, жамбасы сынған қыздың екі аяғын да кесеміз депті. Кейін тәуекел етіп шашылған сүйектерін қайта жинап шыққан. Бірақ Сабинаның өздігінен жүріп-тұруы әлі қиын.
САБИНА ИЩАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Жанашырлық таныттым, бірақ ойланып келгенде ол адам мені аяған жоқ және кешірім де сұраған жоқ. Реанимацияда жатқан кезде күн сайын дәрігерлерден мені өлтіруді сұрайтын едім. Менің өмір сүргім келген жоқ. Күнде наркоз алдым перевязка үшін және бес операция өтті менде бір айдың ішінде. Қандай компенсация төленсе де, ештеме мені аяғымды қайтарып бермейді бұрынғы кезіме.
Сабина ауыр халде жатқасын, сот онлайн форматта өткізіліп, жүргізуші екі жылға сотталған. Бірақ көп кешікпей рақымшылыққа ілігеді. Жазадан осылай құтылған ол өтемақыға небары 43 мың теңге төлепті. Қыздың туыстары мұнымен келіспейді.
БАЛЖАН ИДИГЕЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ТУЫСЫ:
Судья біздің талабымызды ескермей кері қайтарумен болды. Материалдық, моральдық шығынды төлеуді талап еткенімізді де ескермеді. Болған оқиғаны нақтылау үшін ашық тергеу жүргізуді де сұрадық. Оны да қанағаттандырмады. Талабымыз - жүргізуші тиісті жазасын алсын!
Сот бұған қатысты ақпарат беруден бас тартты. Айтуынша, нақты шешім апелляциялық сот отырысында шығарылады.
ПАВЕЛ КОЧЕТКОВ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЮРОНЫҢ БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Заң бабымен оны жүргізушілік куәлігінен үш жылға айыруға болар еді. Әрі көлік иесі денсаулыққа ауыр залал келтіргені үшін жауап беріп, шығынын мойнына алуы тиіс. Себебі жәбірленушінің денсаулығы қалпына келер-келмесі белгісіз.
Сабинаның ендігі арманы - аяғының жыртылған терісін қалпына келтіру үшін Оңтүстік Кореяда пластикалық операция жасату. Бұған кемі 20 миллион теңге керек. Алайда емі мен күтіміне дәрі таппай қиналып жүрген қызда мұндай қаржы жоқ.