7 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесі салымшыларының мүмкіндіктерін кеңейтетін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Жаңа ережелерге сәйкес, азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызға дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, салымшылар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражаттың тек 50 пайызын ғана жеке басқаруға беруге құқылы болатын. Ал ерікті зейнетақы жарналарын қазірдің өзінде толық көлемде аударуға рұқсат етілген. Енді азаматтар зейнетақы капиталының қай бөлігі Ұлттық Банктің, ал қай бөлігі жеке кәсіби компаниялардың басқаруында болатынын өздері шешеді.
Мамандар бұл ретте қаражатты зейнетақы жүйесінен шығару немесе қолма-қол ақша алу туралы әңгіме болып отырмағанын ескертеді.
«Зейнетақы жинақтары бұрынғыша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) есепке алынады және салымшының меншігі болып қала береді. Мұнда тек қаражатты заңнама талаптары шеңберінде инвестициялайтын басқарушы субъект қана өзгереді. Ақша шоттан алынбайды және банк картасына аударылмайды», - деп нақтылады сарапшылар.
Жеке басқарушы компаниялар әртүрлі қаржы құралдарынан, соның ішінде мемлекеттік және корпоративтік облигациялардан, отандық және шетелдік компаниялардың акцияларынан, халықаралық қаржы құралдары мен депозиттерден инвестициялық портфельдер қалыптастырады. Барлық инвестициялар тәуекелдерді азайтуға және портфельді әртараптандыруға бағытталған қатаң нормативтер шеңберінде жүзеге асады.
Еске салсақ, бұған дейін зейнетақы жүйесіндегі ең төменгі жеткіліктілік шегінің арттуы қоғамды қызу талқыланған еді.
Жеткіліктілік шегі – бұл жинақтың бір бөлігін пайдаланғаннан кейін жеке зейнетақы шотында қалуға тиіс міндетті сома. Ол болашақта зейнетақы төлемдерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін есептеледі. Салымшылар тек белгіленген шектен асатын соманы ғана өзге мақсаттарға пайдалана алады.