Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Шетел валютасымен ипотека алғандарды қайта қаржыландыру жыл соңына дейін жүзеге асады

AstanaTV
22.02.2018ж. 20:00
2220
Шетел валютасымен ипотека алғандарды қайта қаржыландыру жыл соңына дейін жүзеге асады

Елде доллармен ипотека алып, қарызын өтей алмай жүрген 25 мың адам бар. Олардың қарызын қайта қарау ісі жыл соңына дейін шешіледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы онлайн конференцияда айтты. Жалғыз баспанасын кепілдікке қойып, несие алғандардың қарызын қайта қарауды президент жолдауда айтқан еді. Оны орындау үшін жақында заңға өзгерістер енгізілмек. Бұған дейін Ұлтық банк екінші деңгейлі банктерге борышкерлерді үйлерінен қумауды сұрап, хат жолдаған болатын.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазір біз қайта қаржыландыру бағдарламасын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл қомақты бюджеттік қаражатты талап етеді. Десе де біз бұл бағдарламаны жүзеге асырудың тетіктерін қоғамдық ұйымдармен және екінші деңгейлі банктермен талқыладық. Ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз. Жақында заңға құқықтық өзгерістер енгізіп,  борышкерлердің мәселесін жыл соңына дейін шешуге тырысамыз.

Онлайн конференция үш сағатқа созылды. Бас банкир қаржыны банктер арқылы шетелге шығаруға қатысты жұмысты кешіктіріп алғанын мойындады. Сондықтан президент айтқан сын орынды деп санайды. Данияр Ақышев қарапайым халықты қаржы пирамидаларынан сақ болуға шақырды. Ал криптовалютаны теңгемен сатып алмауға кеңес береді. Зейнеткерлердің, тіпті мүмкіндігінше, банктен қарыз алмаған дұрыс деп отыр. Ал зейнетақы қорынан қаражатты шығарып алу туралы заң жобасы мақұлданса, көп қаражат құйған, зейнет жасына жеткен азамат қордағы жинағын ала алатын болады.