Екі күннен кейін Құрылтай сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталады. Осылайша елдегі маңызды саяси науқанның келесі кезеңіне жол ашылады. Бұл уақытта кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылармен кездесулер өткізеді. Ал азаматтар олардың ұстанымы мен уәделерімен танысып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік алады. Ал сайлаушылар нені білу керек? Тілші материалында.
Елдің саяси тарихындағы жаңа сайлау науқаны басталады. Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланып, халықтың атынан заң шығару жұмысын жүргізеді. Дауыс беру жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде өтеді. Яғни сайлау күні он сегіз жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы таңғы 7-ден бастап, өз таңдауын жасай алады.
БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ САЯСАТТАНУШЫ:
Ол жерге пропорцианалды жүйемен сайланады. Бұл жерден біз екі нәрсені аңғара аламыз. Біріншіден, мобильділік пайда болады. Екі палата болған кезде, заңдар ұзақ қарастырылады. Бір жағынан турбулентті заманға кіруіміз мүмкін деген болжамдар айтылады. Пропорцианалдық жүйенің беретіні бұл жерде партиялар арасында бәсекелестік пайда болады. Яғни адамдар партияға сайлаушылар дауыс беретін болған соң, партиялар бағдарламасын дұрыстайды. Жауапкершілігін арттырады.
Сайлау күні әр азамат өзі тіркелген сайлау учаскесінде дауыс береді. Ол үшін жеке куәлік немесе заңда көзделген басқа да жеке басын куәландыратын құжат қажет. Ал сайлаушылар дауыс беру орнын алдын ала біле алады.
Сонымен бірге, заңда үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл құқық денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен бара алмайтын азаматтарға, сырқат туысына күтім жасап отырған адамдарға, сайлау учаскесі құрылмаған елдімекендердің тұрғындарына, сондай-ақ шалғайда немесе қатынауы қиын аудандарда тұратын сайлаушыларға беріледі.
СЕРІКЖАН БАЙБОСЫНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл Құрылтай сайдауында енді біз Құрылтай мүшелерін депутаттық тізіммен яғни бұл сайлауда мынау партиялық тізіммен өтетін болғандықтан партияларға дауыс береді. Сондықтан ойлаймын бұл біздегі мынау жаңа мемлекеттік басқаруда мемлекеттік құрылымды жолға салуда үлкен бір қадам.
Конституциялық заңға сәйкес сайлау учаскесінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге тек бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне рұқсат етіледі. Дегенмен сайлау комиссиялары азаматтардың естелік суретке түсуіне әдетте қарсылық білдірмейді.