Adv pic
$475.96 €506.95 ₽4.96
×

Қырғыз депутаты Дамирбек Асылбекуулу қазақ Динарбек пе?

AstanaTV
24.02.2018ж. 20:00
1706
Қырғыз депутаты Дамирбек Асылбекуулу қазақ Динарбек пе?

Өткен аптаның соңында елімізде ұсталған Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Дамирбек Асылбекуулу қазақстандық болып шықты. Бейсенбіде сондай хабар шыққан, жұмада Ішкі істер министрлігі растады. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы көрінеді, ұлты қазақ. Кәмелет жасына толғанда  жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт алған. 2010 жылы мерзімі біткен құжаттарын жаңасына ауыстырған. Бірақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы арыз бермеген. ІІМ осыған орай қызметтік тексеріс басталғанын айтыпты.

Өткен аптаның соңында еліміздің күштік құрылымдары Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және ОҚО-да арнайы операция жүргізіп, 35 адамды ұстаған, оның үшеуі Қырғыз Республикасының азаматы екені хабарланған. Біреуі әлгі Дамирбек Асылбекуулы. Енді оның депутаттық мандатынан айырылуы әп-сәтте. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының санкциясымен Дамирбек Асылбекуулу және онымен бірге ұсталған Қырғызстанның тағы екі азаматы екі айға қамалған. Сот шешімі «трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу» айыбымен қозғалған қылмыстық іске байланысты шығарылған.

Құрамында кеденшілер, брокерлер, шекарашылар мен делдалдар болған ұйымдасқан қылмыстық топқа байланысты еліміздің Бас прокуратурасы таратқан мәлімдемеде Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Қырғызстан және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттері арқылы халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен өткізудің құжатталған әрі тұрақты схемалары әшкереленгені баяндалған. «Контрабандалық тауарларды қылмыстық схемаларды және жалған құжаттарды қолдану арқылы Қытайдан Қазақстанға тікелей және Қырғызстан арқылы әкеліп отырған. Күдіктілерге кеден органдары мен шекара қызметінің лауазымды тұлғалары көмектескен. Тауарлар Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларына жөнелтілген. Жүргізілген шаралардың арқасында жиыны сегіз ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Тергеуді ведомоствоаралық жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр. Істі тексеруді Бас прокурор өз бақылауына алды», деген мәлімдемеде.

Қазақстан азаматы екенін Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдемей тұрып, 37 жастағы Асылбек Дамирбекуулу Ыстықкөл облысы Қаракөл қаласында туған,  Бішкектегі Шералы Сыдықов атындағы олимпиада резерві мектебінде оқыған, грек-рим күресі бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қырғызстан күрес федерациясы және күрестен Азия кеңесінің вице-президенті, деген өмірбаяны тараған. Күрестен Қырғызстан құрама командасының бұрынғы бас бапкері Алмаз Касеновке сүйенген «Азаттықтың» жазуынша, ол Дамирбек Асылбекуулуны "Динарбек" ретінде біледі және оның аты-жөнін ауыстырғанынан да хабардар. Әріптестердің жазуынша, "Сәлім байбатша" деген атпен танылған өзбекстандық олигарх Салимбай Абдувалиевтің жанында түскен фотосы өткен аптада интернетте тарап кеткенде депутат Дамирбек Асылбекуулу Абдувалиевпен таныстығын спорт істеріне байланысты түсіндірген.