$477.17 €543.26 ₽6.01
×

78 жастағы Ақтөбе тұрғыны Алмаш Сабирова жалғыз ұлын іздейді

AstanaTV
29.07.2026ж. 19:00
78 жастағы Ақтөбе тұрғыны Алмаш Сабирова жалғыз ұлын іздейді

78 жастағы Ақтөбе тұрғыны Алмаш Сабирова жалғыз ұлын іздейді. 27 жыл бұрын үйінен шығып, қайта оралмаған жігіттен әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Бірақ, ана жүрегі  перзентінің тірі екеніне сенеді.   

Руслан Шәмшәдинұлы 1999 жылы 22 наурызда дүкенге қант алуға шығып, қайта оралмапты. Ол кезде 30 жаста болған азамат биыл 57 жасқа толуы тиіс. Мамандығы заңгер. Отбасының тұңғышы. Жоғалар алдында «Тұрғындар қалашығы» ауданында өз кафесін ашқан. "Үнемі бәріне көмектесіп жүретін еді" дейді анасы.

АЛМАШ САБИРОВА, АНАСЫ:

Тірі екеніне сенімдімін, бірінші кездері конечно жүрегім дүрсілдеп, жаңағы-тұла бойым дірілдеп, жаңағы біреу өлтіріп тастады ма деп, сосын ойланып-ойланып, өлтіріп тастаса ең болмағанда сүйегі табылады ғой.

Жиырма жеті жыл. Бұл-біреу үшін тұтас өмір. Ал жалғыз ұлын тосып жүрген ат-ана үшін шексіздік. Алмаш Сабирова полицияның табалдырығын талай тоздырған. Бармаған көріпкелі де қалмапты.  Барлығы бір ауыздан «Ұлыңыз тірі» деуде. Бірақ сол сөзді растайтын бір хабар жоқ әлі. Жылдар өтсе де, полиция іздеу жұмыстарын тоқтатқан емес.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ақтөбе облысы ПД мен 1969 жылы туылған Сабиров Руслан Шәмшәдинұлын іздестіруде. Аталған азамат 1999 жылы үйінен кетіп, қазіргі таңға дейін оның мекен-жайы, тұрғылықты жері анықталмаған. Іздестіру жұмыстары жалғастырылуда.

Русланның ата-анасы әр таңды үмітпен атырады. Біреу құлдықта ұстап отыр ма, деп де күдіктенеді. Есіктің қоңырауы соғылса, елең етеді. 

АЛМАШ САБИРОВА, АНАСЫ:

Жаным, ботам! Үйге оралшы! Біз күнде күтумен отырмыз. Күнде күтумен отырмыз! Есік сытырласа болды-сен, сен шығар деп жүгіреміз.

Айта кетейік, биыл өңірде 900 ден астам адам жоғалған. Оның жартысына жуығы -бала. Барлығы да табылған. Тек үш адамнан әзірге хабар-ошар жоқ.