$473.59 €544.68 ₽5.94
×

Қызылордада ыстық ауа райына байланысты жедел жәрдем шақырту көбейген

Қызылордада ыстық ауа райына байланысты жедел жәрдем шақырту көбейген

Шілденің шіліңгір ыстығы  қуырып барады. Әсіресе, Қызылордада ауа температурасы тым жоғары. Дәрігерлер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері күн-түн демей шақырту қабылдап, созылмалы науқасы бар жандар үшін ауыр тиіп жатқанын айтады.

Шілденің шіліңгір ыстығы қала тіршілігінің ырғағын өзгерткендей. Ауа температурасы 40 градустан асып тұр. Көпшілік маңызды жұмыс болмаса үйден шықпауға тырысып жатырмыз дейді. 

БЛИЦ:

- Ауа райының жаманы кетер, күн жақсысы келер. Тек қана поликлиникаға келеміз. Болмаса үйден шығу мүмкін емес.

- Дала өте ыстық. Осы 1-2 күнде сондай болып кетті. Далада жұмыс істейтіндер үшін өте қиын шығар.

- Балаларды көбінесе кешкі уақытта болмаса таңғы уақытта, салқын мезгілде ғана шығарамын. Былайынша мұндай уақытта үйде болады. Негізінен күн қатты ыстық. Әзірге үйде отырып сақтану керек.

Жоғары тепература медицина қызметкерлерінің жұмысын күшейткен. Бұрын тәулегіне шамамен 1200 шақырту қабылданса, шілдеде 1500-ге көбейген. Қазір 71 бригада күн-түн демей қызмет етуде. Мамандар жүрек қан тамырлары аурулары бар науқастардан түсетін қоңырау 16 процентке артқанын айтады. Одан өзге қоғамдық орындар мен көшеде өзін жайсыз сезініп шақыратындар  да бар.

МАРИЯ ОСПАНОВНА, ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтыр 41 жағдай орын алса биыл шілде айында күннен соққы алу жағдайлары 54 жағдайды құрап отыр. Сонымен қатыр қала тұрғындары арасында жедел ішек инфекциясының да өршіп көбеюі байқалады. Ол 2025 жылмен салыстырғанда дәл осы ыстық шілде айында 31,5 пайызға көбейіп отқаны байқалады.

«Казгидрометтің» болжамынша, аймақта тамыз айында да аптап ыстықтың беті қайтпайды. Облыс орталығы мен бірнеше ауданда атмосфералық құрғақшылық сақталады.

МАҒЖАН СӘДУАҚАСОВ, «КАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:

Ыстық күндер айдың аяғына дейін 37-42 градус қатты ыстық күтіледі. Негізі айдың аяғына дейін болады. Бірақ ыстық бір темпте тұрмайды. Құбылмалы болады.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аптап күшейген сайын салқын жер іздейді жұрт. Балалар үшін ыстықтан қорғанудың ең оңай жолы осы болып тұр. Мен де бір салқындап алдым. Басқа амал жоқ.