$453.71 €505.8 ₽5.63

Жаңа Конституция ел дамуының негізгі бағыттарын айқындады

Жаңа Конституция ел дамуының негізгі бағыттарын айқындады
Фото: Egemen Qazaqstan

Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің жаңа өрлеу дәуіріне негіз болған басты өзгерістердің бірі – конституциялық реформа. 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады, деп хабарлайды Astana TV.

Жаңа Конституция мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен әзірленді. 130 адамнан құралған Конституциялық комиссия қоғамдық талқылау барысында азаматтардан, соның ішінде цифрлық платформалар арқылы түскен ұсыныстарды қарастырды. Жалпы алғанда, тұрғындардан 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту келіп түсті.

Негізгі заң 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Құжатта мемлекеттік құрылымның жаңартылған қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері және ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтары айқындалған.

Конституцияның преамбуласы да түбегейлі жаңартылды. Онда «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымы арқылы азаматтардың ортақтығы мен байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы көрініс тапқан. Сонымен қатар Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, бірлік пен ынтымақтастық, білім, ғылым және инновация құндылықтары бекітілді.

Құжатта болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен табиғатқа ұқыпты қарау мәселелеріне де басымдық берілген. Бұл қағидаттар Конституцияның жекелеген баптарында нақты көрініс тапты.

Атап айтқанда, 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленді. 2-бапта Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және президенттік басқару нысаны өзгермейтіні бекітілген.

Ал 3-бапта мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары көрсетілген. Олардың қатарында Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бар. Сондай-ақ қоғамдық диалог, жауапты отаншылдық, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің басым бағыттары ретінде айқындалған.

Бұдан бөлек, адами капиталды дамытуға, білім мен ғылымды өркендетуге және инновацияларды қолдауға стратегиялық мән берілген. 4-бапта халық Егемендіктің бірден-бір иесі әрі мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде танылған.

Жаңа Конституцияда еңбек ету құқығына да ерекше назар аударылған. 27-бапқа сәйкес, әркімнің еңбек етуге, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдауға құқығы бар. Бұл норма еңбекқорлықты қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде бекітетін 3-баптағы қағидатпен өзара сабақтас.

Отбасы институтын қорғау мәселесі де Негізгі заңда көрініс тапты. 30-бапта неке мен отбасы, ана болу, әке болу және балалық шақ мемлекеттің қорғауында екені жазылған. Неке заңға сәйкес тіркелген ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған.

Экологиялық жауапкершілік те Конституцияның маңызды бағыттарының біріне айналды. Азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Бұл талаптар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының құндылықтарымен үндеседі.

Мемлекеттік басқару жүйесінде де елеулі өзгерістер қарастырылған. Жаңа модель бойынша 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылып, Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі бекітілді. Конституцияның 70-71-баптарында Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктері, оның ішінде заң шығару бастамасын көтеру және референдум өткізуге бастамашылық жасау құқығы айқындалған.

Бұл өзгерістер мемлекеттік билік институттарының жұмысын жаңғыртуға, парламенттік бақылауды күшейтуге және Үкіметтің қоғам алдындағы есептілігін арттыруға бағытталған.

Адам құқықтарын қорғау кепілдіктері де кеңейтілді. Мәселен, 18-бапта адамды ұстау негіздерін және оның құқықтарын түсіндіру міндеті, яғни «Миранда қағидасы» бекітілген. Сондай-ақ ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегіне жүгіну құқығына кепілдік берілген.

15-бапта мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен азаматтарға келтірілген зиянды мемлекет өтеуі көзделген. Ал 86-бапта алғаш рет адвокатураның сот арқылы қорғану және заң көмегін көрсету жүйесіндегі конституциялық мәртебесі айқындалды.

Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. 21-бапта дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау кепілдігі қарастырылған. Бұл талаптар цифрлық технологияларды қолдану кезінде де сақталуға тиіс.

Сонымен қатар 23-бапта ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға кепілдік берілген. Бұл нормалар жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ете отырып, ғылым мен инновацияның дамуына құқықтық негіз қалыптастырады.

Заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін де жаңа талаптар енгізілген. Конституцияның 5-бабына сәйкес, азаматтардың жағдайын нашарлататын, жаңа міндеттер жүктейтін немесе жауаптылықты белгілейтін не күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.

Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарын сақтай отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге бағытталған. Негізгі заңда елдің алдағы даму бағдарлары, мемлекет пен қоғамның жауапкершілігі және халықтың мемлекеттік биліктегі рөлі айқындалған.