Қатты желден SUP-тақтаймен жүзіп жүрген үш адам жағалаудан алыстап кеткен. Рейд барысында олар құтқарылып, судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана су қоймасында жүргізілген рейд кезінде Аршалы ауданында құтқарушылар SUP-тақтаймен жүзіп жүрген үш адамды құтқарды. Оларды қатты толқын қарсы жағалауға қарай алып кеткен.
Өз күштерімен жағаға қайта орала алмаған демалушыларды құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралардың қорытындысы бойынша су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдті Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп өткізді. Ведомство Астана су қоймасында суға түсуге тыйым салынғанын еске салып, тұрғындарды қатты жел кезінде суға шықпауға және тек ресми түрде рұқсат етілген демалыс орындарын таңдауға шақырды.