Өскемен қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері заңсыз есірткі айналымының жолын кесті. Іс-шаралар "Қарасора – 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде 18 және 19 жастағы екі тұрғын ұсталды. Олар есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген күдікке ілінді. Күдіктілерді жеке тінту кезінде тыйым салынған заттар салынған 91 орам тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 25,29 грамм мефедрон, 27,21 грамм α-PVP психотроптық заттары және жалпы салмағы 6,24 грамм каннабис шайыры анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы көлемі заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшерге жатады. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Күдіктілердің біріне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады. Есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.