$475.38 €547.73 ₽5.93
×

Астанада заңгердің ісі бойынша прокурор мен судьяны шеттету туралы өтініш қанағаттандырылмады

Астанада заңгердің ісі бойынша прокурор мен судьяны шеттету туралы өтініш қанағаттандырылмады

Астана ауданаралық сотында заңгер әрі қоғам белсендісі Алжан Қайрбекұлына қатысты қылмыстық іс бойынша прокурор мен істі қарап жатқан судьяны шеттету туралы қорғау тарапының өтініші қаралды. Сот өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Іс 2022 жылы заңгерлік қызмет көрсетуге байланысты туындаған даудан басталған. Іс материалдарына сәйкес, азаматша туысын қорғау үшін заңгерлік көмекке жүгінген. Кейін тараптар арасында төленген қаражатқа қатысты келіспеушілік туындап, қылмыстық іс қозғалған. Қорғау тарапының мәліметінше, іс бойынша маңызды куәлардың барлығынан жауап алынбаған. Сондай-ақ қорғаушылар сотқа 36 миллион теңгенің қайтарылғанын растайтын банк құжаттары ұсынылғанын, бұдан бөлек талапкердің қолма-қол алған 4 миллион теңгесіне қатысты дәлелдер де бар екенін айтады. Бұған дейін апелляциялық сот істің толық зерттелмегенін көрсетіп, оны қайта қарауға жолдаған. Қазіргі уақытта іс қайта сотқа жеткен. Қорғау тарапы сот процесінің ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуін сұрайды.

МҰХАМБЕТӘЛИ МОЛДАБЕКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Бұл қылмыстық іс  ауданаралық сотта қаралмау керек деп отырмыз. Неге? Себебі аппеляциялық сатыдағы соттан іс не үшін қайтарылды? Қылмыстық істерді біріктіру үшін. Мына іс аппеляциялық соттан қайтарылғаннан кейін қосымша тергеу жүргізген. Тергеудің олқылықтарын жоюға бағытталған шаралар қолданылған. Ол заңмен тыйым салынған. Біз сол туралы мәлімдеп отырмыз өтініш хаттарымызда.