$475.38 €547.73 ₽5.93
×

ҰҚК жыл басынан бері жасырын жұмыс істеген 3 есірткі зертханасын анықтады

ҰҚК жыл басынан бері жасырын жұмыс істеген 3 есірткі зертханасын анықтады
ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерін жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері есірткі жеткізудің 33 халықаралық және 11 өңірлік арнасының жолы кесіліп, үш жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.

Операциялар барысында 3,2 келі героин, 8 келі метамфетамин, 70,6 келі апиын, 129,7 келі гашиш, 16 келі гашиш майы, 282 келі марихуана, 156,5 келі қарасора, 56,4 келі психотроптық зат, сондай-ақ 20 тонна көкнәр сабанының шикізаты мен 3,8 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлесіп 21 халықаралық есірткіге қарсы операция жүргізілді. Сонымен қатар шекаралас мемлекеттердің аумағында әрекет еткен халықаралық қылмыстық топтардың 14 қатысушысының жолы кесілді.

Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 114 азаматы және жеті шетелдік ұсталды.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.