Жүзден аса адамға автонесие алғызған. Астанада қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адам болғаны және олардың әрқайсысына нақты міндеттер бөлінгені анықталды. Кінәлілер азаматтарды 1-2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алатынына сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен бірге несие бойынша төлемдерді өздері өтейтінін уәде еткен. Алайда рәсімделген көліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған. 100-ден астам азамат зардап шегіп, барлығы 165 автокөлік рәсімделген.
АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ:
Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.