$471.98 €543.39 ₽5.82
×

Қазақстанда жасалған тауарлар біртұтас тізімге енгізіледі

Қазақстанда жасалған тауарлар біртұтас тізімге енгізіледі

Қазақстанда жасалған тауарлар біртұтас тізімге енгізіледіҚазақстан жақын арада «Құрлықтық Сингапурге» айналады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің барлығы елімізбен сауда жасауға және азық-түлік импорттауға дәмелі. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осылай деді. Алайда, Олжас Бектенов шетелге шығамыз деп, өзіміздің нарықтағы олқылықтардың барлығын жік-жікке бөліп тізіп берді. Кейбір сауда орталықтары қасақана, отандық тауарларды ысырып, сапасы кем болмаса, артық емес шетелдік өнімдерге басымдық беріп келгенін де айтты. Толығырақ, Еркелді Тілеуқұл тарқатады.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Қазақстандық тауарлармен отандық нарықты толтырып, тіпті, шетелге экспорттаймыз деген статистикалық есептерге үкімет басшысы сене қоймады. Өз елімізде өндірілген тауардың біршамасы шетелдік баламасына қарағанда қымбат болып жатады. Премьер-министр импорттық өнімге негізсіз басымдық беретіндердің бар екенін айтып, қатаң сынға алды.

Қазақстан – өзін азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ете алады. Елімізде өндірілген дақылдардың ширек бөлігінің өзі халықты тойдыруға жетіп артылады. Бүгінгі Үкімет отырысы осыдан басталды. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, бар әлеует пайдаланылып, жаңа нарықтарға жол ашылады.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазақстан – азық-түліктің әлемдік экспорттаушылар арасында жетекші орынды иеленуге мүмкіндік алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр бойынша әлемде екінші орын, жасымдық экспорт бойынша – 4-і орын, күнбағыс майы бойынша – 6-ы, бидай бойынша – 7-і, ал арпа бойынша 8-і орынды иеленді.

Бұл статистикалық көрсеткіштерге қанағаттанғанымен, Олжас Бектенов қазақстандық тұтынушыларға отандық тауардың жетпей жатқанын айтып қалды. Премьер-министр, дүкен сөрелері ғана емес, интернет саудада да әділ бәсекелестіктің жоқ екенін алға тартты. Ең сорақысы, қазақстандық тауарларды қаралау бойынша ғаламторда арнайы компания жүргізілгенін айтып, оны тоқтатуды қатаң ескертті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сауда желілері қазақстандық тауарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарға басымдық беру – құқықтық қана жағынан емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес.

Үкімет басшысы MADE IN KAZAKHSTAN деген біртұтас жоба емес, құр сөз болып қалып келе жатқанына бірнеше жыл болғанын айтып сынға алды. Бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойып, бір ай ішінде елімізде өндірілетін әр тауар түрін тізбекке алып, қорғауды қатаң ескертті. Сауда министрі Арман Шаққалиев отырыс соңындағы брифингте бар кемшілікті мойындады.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Мен сіздерге айтайын, бір тиын да бөлінген жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, біз бұл жерде өз шеберлігімізді көрсетіп отырмыз. Министрлікке ілгерілету үшін бір тиын да бөлінбеді. Оның үстіне, біз барлық экожүйені өзіміздің ағымдағы міндеттеріміз аясында өз қолымызбен жасадық. Талаптар, экожүйе, стандарттарды қалыптастыруға қатысты, тіпті Made in Kazakhstan белгісінің өзіне байланысты оны жекешелендіріп алғысы келгендер болды. Яғни біз оны әзірледік, енді оны пайдалану үшін ақы төлеу керек деген ұсыныстар айтылды. Бірақ біз оған жол бермедік.

Айта кетейік, отырыс барысында Премьер-министр отандық тауар өндірушілер сауда орталықтарында орын жалға алу проблемасына тап болып жатқанын айтты. Оны шешу жолындағы жоспар дайындауға бір ай мерзім берді.