$465.08 €536.52 ₽5.56
×

«Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы мәресіне жетті

AstanaTV
13.08.2026ж. 19:00
«Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы мәресіне жетті

Астанада ұлттық мұрамызды жаңғыртуға бағытталған «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы мәресіне жетті. Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асқан шараға 200-ден астам бала қатысып, дәстүрлі бұйымдарды жасаудың қыр-сырын тегін меңгеріп шықты. Зергерлік өнерден бастап, киіз басу мен ағаш өңдеуге дейінгі он түрлі бағыт бойынша дәріс алған жас шеберлердің алғашқы туындылары да дайын.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Мұхтар Әуезовтің бұл сөзі ұлттық тәрбиенің іргетасы бала кезеңнен қаланатынын аңғартады. Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы мәресіне жетті. Шара аясында 450 өтінімнің ішінен іріктелген 208 бала зергерлік, ағаш өңдеу, киіз басу сияқты 10 бағыт бойынша тегін білім алды. Жобаның жабылуында сөз алған Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтар мен креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, бабалар мұрасын тек сақтап қана қоймай, оны заманауи трендтермен ұштастырып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – басты міндет.

АЙНҰР АБДРАХИМОВА, АТА-АНА:

Екі балам осында қатысты. Ұлым осы сүйек бұйымына қатысып, өте ұнады. Бектас ағайға алғысым шексіз, өте мықты ұстаз. өті қызық, күшті нәрселер жасаған ұлым. Тағы да жалғасса жақсы болар еді деп соған үміттеніп жатырмыз

Жастар үш апта бойы қолөнердің қыр-сырын ұғынып, заманауи трендтерді ұлттық колоритпен ұштастыруды үйренді. Қатысушылардың көбі үшін жоба үлкен шеберлік мектебі әрі алғашқы кәсіби тәжірибе болды.

 АМИРА АРТУР, ҚАТЫСУШЫ:

Жобаға мені анам тіркеді. Жәзне жоба маған қатты ұнады. көптеген бұйымдарды жасадым. Мысалы білезік, жүзік және осындай кулондар. Мен үшін бұл өте үлкен тәжірибе.

Сонымен қатар жобада инклюзивті білім беруге басымдық беріліп, ерекше қажеттілігі бар балаларға да арнайы сабақтар өткізілді. Жоба соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар беріліп, жас шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардан көрме ұйымдастырылды. Бабалар өнерін асыл қазынаға балаған жастар енді алған білімдерін ары қарай шыңдап, төл өнерімізді насихаттауға ниетті.