Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. 13 тамызда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, «Сталкинг» бабы бойынша 200 сағат қоғамдық жұмыс, «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша екі жыл бас бостандығынан айыру және аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Негізгі жаза төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.
Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болған. Нұрайдың денесінен пышақ жарақаттары табылған. Тергеу барысында Шерхан Аймаханның қызды ұзақ уақыт бойы аңдып, оны некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекет жасағаны анықталған.
Үкім шыққаннан кейін Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасына арналған жазбасын жариялады.
«Нұрайка, мен әділдік орнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Мені кешір… Мен сені қорғай алмадым…», - деп жазды ол.
Сұлтан Серікбай бұған дейін отбасы үшін ең басты талап материалдық өтемақы емес, айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындау болғанын айтқан. Оның сөзінше, отбасы соңғы сегіз ай бойы дәлелдер жинап, істің сотта қаралуына дейін осы мақсат үшін күрескен.