Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің 45 жастағы аға уәкілі сот шешімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылып, әскери шенінен айырылды.
Ол жалған неке арқылы мемлекеттен 50 миллион теңге тұрғын үй төлемін заңсыз алды деп айыпталды.
«Диапазон» ақпаратынша, тергеу мәліметтеріне сәйкес, подполковник А.К. отбасы құрамын жасанды түрде көбейтіп, мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемін көбейту үшін қулыққа барған. Тергеу мәліметінше, әскери қызметкер әйелінің ағасының жұбайын — төрт баланың анасын — күйеуімен ажырасып, өзіне тұрмысқа шығуға көндірген және осы қызметі үшін оған 3 миллион теңге беруге уәде еткен. Кейін екеуі де бұрынғы некелерін бұзып, ресми түрде отбасын құрған. Әскери қызметкер жаңа жұбайының төрт баласының туу туралы куәліктерін нотариус арқылы куәландырып, құжаттарды Шекара қызметінің тұрғын үй комиссиясына тапсырған. Тексеруден кейін оның есепшотына мемлекеттен шамамен 50 миллион теңге көлемінде біржолғы тұрғын үй төлемі аударылған. Кейін ол бұл қаражатқа бұрынғы әйелінің ағасына тиесілі пәтерді сатып алғандай келісім жасап, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған. Уәде етілген 3 миллион теңгені келіншекке бергеннен кейін, ерлі-зайыптылар некесін қайта бұзған.
Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындамай, некенің шынайы болғанын және ажырасуға бұрынғы әйелінің жүктілігі себеп болғанын айтып ақталуға тырысқан. Алайда төрт баланың анасы сотта бұған қарама-қайшы жауап берді. Оның айтуынша, ол әскери қызметкермен ешқашан бірге тұрмаған және некенің жалған болғанын растаған. Келіншек бұл келісімді заңды зейнетақы жинақтарын алуға көмектесу деп түсінгенін айтқан. Подполковниктің 50 миллион теңге алғанын тергеу барысында ғана білгенін және осыдан кейін өзі арыз жазғанын жеткізді. Ал өзіне берілген 3 миллион теңгені қарыздары мен кредиттерін өтеуге жұмсаған.
Әскери сот істі қарап, некенің жалған болғанын және алаяқтық қылмысы жасалғанын толық дәлелдеді. Сот шешімімен айыпталушы 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар, ол жоғары «подполковник» әскери шенінен айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.