Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Су пішіні» фильмі «Үздік фильм» атанды

AstanaTV
05.03.2018ж. 20:00
2946
«Су пішіні» фильмі «Үздік фильм» атанды

"Су пішіні" картинасы "Үздік фильм" деп танылды. Лос-Анжелесте "Оскар" киносыйлығының 90-шы марапаттау рәсімі өтті. Басты номинацияға "Мені өзіңнің атыңмен ата", "Күңгірт уақыт", "Дюнкерк", "Жоғал!", "Берд ханым", "Елес жіп", "Құпия құжаттама" және "Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд"  фильмдері таласты.

"Су пішіні" фильмінің марапатқа ие болатынын бәрі де күтті. Фантастикалық драмаға мүгедек әйел мен амфибия арасындағы махаббат арқау болған. Фильм "Оскардың" 4 сыйын иеленді. "Үздік режиссура" да осы картинаға берілді. Режиссер Гильермо дель Торо сахнада тұрып, өзінің Трамп қорғанғысы келетін Мексикадан келген иммигрант екенін еске салды.

Гильермо дель Торо, "Оскар" сыйлығының иегері:

Рахмет! Мен серіктестерім Альфонсо мен Алехандро, тағы да басқалар секілді иммигрантпын. Біздің киноөндіріс құмда сызылған сызықтарды өшіру үшін бар, ал ол сызықтарды әлдекімдер одан сайын тереңдеткісі келеді. Құдай-амфибия мен мылқау әйел туралы ертегінің нағыз керек нәрсе екенін кім білген?! Менімен осы жолды жүріп өткен адамдарға алғыс білдіргім келеді.

"Үздік актер" номинациясын 59 жастағы Гэри Олдман иеленді. Ол "Күңгірт уақыт" фильмінде британдық премьер-министр Уинстон Черчилльдің рөлін сомдады. Бұл 70-тен астам фильмге түскен актердің алғашқы "Оскары".

Гэри Олдман, "Оскар" сыйлығының иегері:

Не дейін, мен Академия мен оның мүшелеріне бұл марапат үшін өте ризамын. Америкада көп жылдан бері тұрамын. Махаббаты мен достығы, үйім үшін және менің фильмім үшін оған ризамын. Сондай-ақ мен жасы Оксардан да үлкен анама алғыс айтқым келеді. Ол ертең 99 жасқа толады. Анашым, махаббат пен қолдауыңа рахмет! 

"Шет тілдегі үздік фильм" номинациясы "Фантастикалық әйел" фильміне бұйырды. Ал «Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд" картинасына түскен Фрэнсис Макдорманд "Үздік актриса" атанды. Осы картинананың тағы бір актеры Сэм Рокуэлл  "Екінші пландағы үздік актер" деп танылды. Ал "Тоня бәріне қарсы" фильміне түскен Эллисон Дженни "Екінші пландағы үздік актриса" атанды.

Сэм Рокуэлл,  "Оскар" сыйлығының иегері:

8 жасар кезімде мені директордың кабинетіне шақырды. Ол жерде салтанатты киінген әкем отырды. Ол: "Біз кетуіміз керек, әжеңнің халі нашар", -  деді. Біз көлікке отырғанда: "Әжеге не болды?" - деп сұрадым. Әкем: "Ештеңе, біз киноға барамыз", - деді. Менің ата-анам киноға деген махаббатымды оятты. Мен сіздерді жақсы көремін.

90-шы мейрейтойлық салтанатты шара әдеттегідей өтті. Тек қызыл кілемдегі дәстүрлі дефилеге шыққан әрбір актриса Time’s Up белгісін тағып өтті. Бұл әйелдерге сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы қозғалыстың атауы.