Алматы хайуанаттар бағында биыл 130-дан астам жануар төлдеді. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың қатарында Пржеваль жылқысы мен аққолды гиббон бар. Зообақ жаңа жануарлармен толығуда. Көпшілігі қызыл кітапқа енген.
Биыл Алматы хайуанаттар бағында тіршілік қыза түсті. Жануарлардың төлдерін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Әсіресе, Пржеваль жылқысының құлыны мен аққолды гиббонның төлі көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Балапан басқан құс жетерлік, бірақ есепке балықтың шабақтары алынбайды екен. Ал зообаққа жаңадан әкелінген жануарлар тіпті тіршілікті қыздырып жіберді.
АҚЖАМИ ЕЛЕМАНОВА, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Олар бұрын бізде болмаған жануарлар. Біздің көрермендерге арнап коллекциямызды жаңа жануарлармен толтырамыз. Соның ішінде биыл 2 бизон келді, тамандуа, африкалық цвета, генета, солтүстік америкадан канадалық сілеусін келді 2 жұп.
Зообақтағы әрбір сирек жануардың тағдырына да ерекше мән беріледі. Мұнда Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енген 60-қа жуық түр және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 20-дан астам жануар бар. Олардың басым бөлігі жыртқыш құстар. Қанаты қатты қырандардан бастап, сирек кездесетін аңдарға дейін мамандардың тұрақты бақылауында. Ал олардың көбеюі табиғатты қорғаудағы маңызды нәтижелердің бірі.
БЛИЦ:
– Өте қызықты болып жатыр. Енді біз оларды тек телевизордан, телефоннан көріп жүрміз. Бірақ шын өмірде көргенімізге қуанып жатырмыз. Бірінен кейін біріне секіріп, жүгіріп жатыр балаларымыз.
– Толық аралап үлгермедік әлі. Жартысын араладық, енді тағы жартысын аралаймыз. Қазір жолбарысты көрдік, балалары ғой деймін, кішкентай екен.
Бүгінде Алматы хайуанаттар бағы жануарлар әлемінің шағын мекені ғана емес, сирек түрлерді сақтайтын маңызды орталық. Мұнда 385 түрге жататын 4 мыңға жуық жануар бар. Ал олардың әрқайсысы табиғаттың қайталанбас бір бөлшегі. Мамандардың басты мақсаты мұндай жануарларды сақтап қана қоймай, олардың санын табиғи жолмен көбейту.