$457.99 €534.15 ₽5.47
×

Арқалыққа 33 жылдан кейін ұшақ ұшты

AstanaTV
24.08.2026ж. 19:00
Арқалыққа 33 жылдан кейін ұшақ ұшты

Арқалыққа қайта қанат бітті. Араға 33 жыл салып елордадан алғашқы жолаушылар ұшағы Торғай өңіріне бет алды. Бұл - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық құрылтайда берген тікелей тапсырмасының жемісі. Инфрақұрылымды жаңғырту аясында Арқалықта екі қабатты жаңа терминал бой көтеріп, ұшу-қону жолағы толық жаңартылды. Заманауи аэронавигациялық құрылғылармен жабдықталған әуежай енді тұрақты түрде жұмыс істейді. Әрі рейстер әлеуметтік маңызды деп танылып, билет бағасы қолжетімді етілді. Алматыға - 25 мың, ал Астана мен Қостанайға барып-келу бағасы -10 мың теңге.

САБЫРЖАН АХМЕТОВ, ЖОЛАУШЫ, АРҚАЛЫҚ Қ. БҰРЫНҒЫ ӘКІМІ:

Бүгінгі самолеттің, ұшақтың ұшуы өте керемет. Біздің Торғайдың керемет тынысы ашылып жатыр. Елге, Торғай еліне,  Жангелдин, бергі аудандар болсын, бұрынғы Торғай облысының өңіріне бір жақсылық болып жатыр.

Тарихи рейсті шығарып салу мен қарсы алу рәсімі әдеби-мәдени шараға ұласты. Астана әуежайында әртістер «Ұшуды күткен дала» қойылымын ұсынса, әуе кемесінің бортында әншілер жанды дауыста ән шырқады. Ал Арқалықтың өзінде қонақтарды шаһардың қалыптасу тарихын бейнелейтін «Қанаттардың оралуы» шоуымен қарсы алды. Инфрақұрылымның жаңғыруы Торғайдың оқшаулануын жойып, 136 жаңа жұмыс орнын ашты.

МАРАТ МҰСТАФИН, АЛМАТЫ АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Астанадан Арқалыққа алғашқы рейс шығып жатыр. Бұл біріншіден, экономиканың, бизнес пен кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Жалпы алғанда, халықтың көңіл-күйі көтеріледі. Соңғы уақытта үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлініп жатқандықтан, өңірден көшіп кету азайып, қала қайта түлеп, қалпына келе жатыр.