$457.99 €534.15 ₽5.47
×

Үкімет алдағы 3 жылға арналған бюджет жобасын мақұлдады

Үкімет алдағы 3 жылға арналған бюджет жобасын мақұлдады

Халықаралық валюта қоры келер жылы әлемдік экономика 3,4 процентке өседі деп болжап отыр. Ондағы мұнайдың үлесі айтарлықтай төмендеген. Сондықтан Қазақстан Үкіметі де алдағы жылдары мұнай-газға иек артуды азайтуға көшіп отыр. Елдің бас қаржыгерлері қазынаны қалай толтырмақ? Бюджет шығындарын қысқартудың жолы қайсы? Үкімет үйінен Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Алдағы үш жылда Қазақстанның түкпір-түкпірінде әлеуметтік құрылыс нысандары көптеп бой көтереді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазына қаржысы тікелей осы бағытта жұмсалмақ. Үкімет бүгін 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бекітті. Ұлттық экономика министрінің болжамынша, сын-қатерлерді ескергеннің өзінде, жалпы ішкі өнім жыл сайын 5 процентке өседі. Жұманғарин қаржылық жетістіктерге өңдеу өнеркәсібінің қарқыны жеткізеді деп сеніп отыр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5% құрайды. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артуы болжануда.

Елдік жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан келер жылы 2 трлн, 2028 – 2029 жылдары 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Мемлекеттік ресурстар әлеуметтік міндеттемелерді орындап, өңірлерді дамытуға жұмсалады. Премьер-министр әр тиынның сұрауы болатынын қатаң ескертті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Барлық мемлекеттік органдарға  еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне  қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті – жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру,  ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға,  экономиканы,  өңірлерді  және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып,  қаржылық тәртіпті күшейту.

Қазына қаржысын тиімді жұмсаудың жоспарын үкімет мүшелері бірауыздан қолдады. Енді заңға сәйкес Құрылтайдың қарауына жолданады. Депуттардың талқысынан өтсе, Президентке жіберіледі.