Батыс Қазақстан облысының шенеуніктері жыл басынан бері қызметтік көлігімен 119 рет жол ережесін бұзған. Бір қызығы, жылдамдықты асырғаны үшін басшысы емес, жүргізушісі жазаланады екен. Әдеп жөніндегі кеңесте шенеуніктердің ауылдан қалаға келіп, түн ортасында тәртіп бұзатыны айтылды. Мемлекет көлігін жекесіне айналдырған олардың қызметі қауырт екені соншалық, түнгі сағат үш-төртте де тыным таппайтын көрінеді. Ал мас күйінде мәшине айдаған Ақжайық аулының әкімі полицияға ұсталып, жүргізушілік куәлігінен айрылды. Әдеп кеңесі оның бұл әрекетін мемлекеттік қызметшіге лайық емес деп бағалап, қызметінен босатуды ұсынды.
МҰРАТ БАЙСАЛОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ БҚОД БАСШЫСЫ:
Ауданнан келген қызметтік көліктің түнгі үште немесе түнгі екіде жүруі қаншалықты орынды екеніне біз талдау жүргізген болатынбыз. Енді оның нәтижесі бойынша қазіргі таңда қызметтік автокөліктің жүргізушісіне қатысты тиісті шара қолданылды. Енді соған материалдық жауапты тұлғаның да мәселесін қарайтын боламыз.