Непалдағы алапат тасқыннан тағы бір Қазақстан азаматы іс-түссіз жоғалып кетті. Бұл туралы еліміздің Сыртқы Істер Министрлігі мәлімдеді. Естеріңізге сала кетсек, 26-ы тамыз мұздықтың еріп, артынан су тасқыны Қытай мен Непал шекарасын шайып кеткен. Қазіргі ақпаратқа сәйкес, 469 адам қаза тапқан. Іс-түссіз жоғалғандардың саны 1400-ден асты.
Отандастарымыз табиғи апат кезінде Непалдан Қытайға кетіп бара жатқан. Бастапқыда тек бір Қазақстан азаматы жоғалды деген ақпарат тарағанымен, бүгін Сыртқы Істер министрлігі екінші қазақстандық туралы хабар берді. Ведомство жергілікті билікпен тығыз жұмыс істеп, жағдайды бақылап отыр.
ЖАНБОЛАТ ҮСЕНОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Табиғи апат орын алған Непал мен Қытай шекарасы аймағында болуы мүмкін Қазақстанның екі азаматшасын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін хабарланғандай, олардың бірі туристік топ құрамында екі ел арасындағы шекарадан өткен. ҚР Сыртқы істер министрлігі жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастыруда, отандастарымыздың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылған.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға қас пен көздің арасында болған. АҚШ геологиялық қызметі қуаттылығы 5 баллдық дүмпу болғанын хабарлады. Қытай мен Непал шекарасында мұздық еріп, тастарды қозғалтқан. Осылайша, су мен саз араласып, тау өзенін арнасынан тасытты.
ДИПАК ТАПА МАГАР, КУӘГЕР:
Менің биікте өз дүкенім бар. Шаруалардан қолым босамай, о баста түсінбей қалдым. Кейін көшеге шықсам, адамдар қашып бара жатыр. Біреу жаяу, біреу көлікпен. Барлығын лай су шайып кетті. Тура көз алдымда 9 жүк көлігі адамдарды мінгізіп алып, қашпақ болған. Ешқайсы аман қалмады. Барлығын су басып қалды.
Іс-түссіз жоғалып кеткендердің жартысына жуығы- шет мемлекеттерден келген туристер. Басым бөлігі – Үндістан азаматтары. Қазір жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер өз жақындарын іздестіруде.
КЕДАР НАТ ПАРАДЖУЛИ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Маған таңертең күйеу балам хабарласты. Жылап-өксігендіктен, дұрыстап сөйлей алмады. Үйлері су қоршауында қалған. Қарындасым мен балаларды құтқарушыларға тиеп жіберген. Өзіне орын жетпеді. Қазір, қайта-қайта телефон шалсам, желі жоқ немесе телефоны өшірулі. Ол жаққа өзім барғым келіп тұр. Бірақ, жете алмаймын.
Қытай мен Непал билігінің мәліметінше, құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды. Себебі, тасқын қайталануы мүмкін. Сондықтан, төтеншеліктерге шегіну туралы бұйрық берілген.