Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Алматы тауэрс» ісіне қатысты екі адам сотталды

AstanaTV
14.03.2018ж. 20:00
3438
«Алматы тауэрс» ісіне қатысты екі адам сотталды

Алты адамның өмірін қиған «Алматы тауэрс» кешеніндегі өрт оқиғасына қатысты іске де нүкте қойылды. Негізгі айыпталушы Дәурен Тұяқов пен Батут орталығында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Александр Жук кінәлі деп танылды. Екеуі де 5 жылдан жаза арқалап, сот залынан қамауға алынды. Бір жарым жылға созылған тергеу мен сот ісі бойынша ондаған сараптама тағайындалған. Қаза тапқан студенттердің туыстары сотталушыларды кешіргенімен, сот екі күдіктіні де түрмеге қамауға үкім шығарды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бостандық ауданының судьясы үкімді бір сағатқа жуық оқыды. Сот қорытындысында қайғылы оқиғаның егжей-тегжейі баяндалды. Қапыда қаза болған 5 студент пен жұмысшы қарапайым қателіктердің құрбаны болған. Өрт қауіпсіздігін сақтамады деп танылған дәнекерлеуші мен компания директоры кінәлі деп танылды. Жарыссөз барысында прокурор екі күдіктіге де 5 жылдан жаза сұраған.

Темірхан Құдабаев, Алматы қаласы Бостандық ауданының судьясы:

Дәурен Тұяқов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292 бабы 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Тергеу барысында қамауда отырған мерзімді алып тастағанда, 4 жыл 1 ай төменгі қауіпсіздіктегі колонияда жазасын өтейді. Кепілдікке қойылған пәтері қайтарылып берілсін.

Өрт қауіпсіздігін елемей, екі және одан да көп адамның өліміне соқтыру дерегі бойынша айыпталған дәнекерлеуші Александр Жук та 5 жылын түрмеде өткізеді. Бірақ оның қорғаушысы үкіммен келіспейтінін айтты. Адвокаттың сөзінше, ғимаратта өрт қауіпсіздігін сақтау қарапайым жұмысшының құзырына кірмеген. Сондықтан ол қайта шағымданбақ.

Гүлнәр Жуасбаева, қорғаушы:

Сот бұл бап бойынша менің қорғауымдағы адамды ақтауы керек еді. Себебі Александр Жук ол мекемеде жалдамалы дәнекерлеуші болып қана жұмыс істеген. Басшылық қызмет атқармаған. Негізі бұл жауапкершілік ғимараттың бас инженеріне артылған. Ендеше біз сотқа қайта шағымданып, оның жазасын жеңілдетуге тырысамыз.

Дәурен Тұяқов соңғы сөзінде жас кәсіпкер ретінде батут ойын сауық орталығын ашуға ниеттенгенін айтқан. Өкінішке орай, тілсіз жау оның жоспары мен өрімдей жастардың өмірін қиып кеткен. Ол өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Ал қалалық төтенше жағдайлар департаментінің аталған ғимаратты соңғы жеті жылда тексермей келгені анықталды. Бірақ тергеу органдары оған көз жұмды, дейді сотталушы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тұяқов айыптау қортындысында көрсетілгендей, құрылыс алаңына кіретін есікті сыртынан жауып кетпегенін тағы қайталады. Ал қаза тапқан студенттердің туыстары сот барысында да, бүгінгі үкім кезінде де төбе көрсетпеді. Қорғаушылардың сөзінше, марқұмдардың ата-аналары Жук пен Тұяқовқа кешірім берген. 

Ришат Асқарбекұлы