$453.87 €508.33 ₽5.65

Криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық: Солтүстік Корея хакерлері күдікке ілінді

Криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық: Солтүстік Корея хакерлері күдікке ілінді
Фото: BILD

Криптобиржаға жасалған бұрын-соңды болмаған ауқымды шабуылдың артында Солтүстік Кореямен байланысы бар хакерлер тұруы мүмкін. Ұрланған қаражат көлемі 6,3 миллиард долларға бағаланып отыр

Криптовалюта тарихындағы шамамен 6,3 млрд доллар көлеміндегі ең ірі цифрлық актив ұрлығы Солтүстік Корея хакерлерінің ісі болуы мүмкін, деп хабарлайды Astana TV TRM Labs сілтеме жасап. Аналитикалық компания Lazarus қауіпті желісіне кіретін TraderTraitor тобының қатысы бар болуы ықтимал екенін мәлімдейді. Алайда құқық қорғау органдары немесе биржа тарапынан бұл әлі де ресми расталған жоқ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қаскөйлер биржаның техникалық мамандарының бірінің ноутбукін бұзып, жүйеге қол жеткізген. Хакерлер қаражаттың негізгі бөлігін небәрі 20 минут ішінде шығарып үлгерген.

  • Уақытша шектеу: Binance шоттарды толтыру және қаражат шығару операцияларын шұғыл түрде тоқтатты.

  • Платформа кепілдігі: Басшылық барлық шығынды өтейтініне уәде беріп, клиенттерді активтерінің қауіпсіздігіне сендірді.

  • Қаражатты бұғаттау: Tether және Circle компанияларының көмегімен шамамен 3 миллиард долларды бұғаттауға қол жеткізілді. TRM Labs бағалауы бойынша, болжамды қаскөйлердің бақылауында әлі де 2,4 млрд доллардай криптоактив қалып отыр.

Нарыққа әсері және оқиғаның ауқымы

Бұзушылық туралы хабардан кейін бірінші криптовалюта бағасы күрт төмендеді — жұма күні биткоин құны 3%-дан астам арзандап, 77 мың доллардан төмен түсті.

Егер ұрланған қаражаттың көлемі расталса, бұл көрсеткіш бұған дейінгі рекордтан әлдеқайда асып түседі: 2025 жылдың ақпанында хакерлер Bybit биржасынан шамамен 1,5 млрд доллар ұрлаған болатын.

Солтүстік Корея киберқылмыс мәселесінде бірінші рет назар ілігіп отырған жоқ. Мамандар Пхеньянның мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін ауқымды хакерлік шабуылдарды жиі қолданатынын бірнеше рет мәлімдеген. Chainalysis компаниясының бағалауы бойынша, өткен жылдың өзінде КХДР-ға қатысы бар хакерлер шамамен 2 миллиард долларлық криптовалюта жымқырған.